Көрісу күніне арналған мерекелік шаралар жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көрісу күніне арналған мерекелік шаралар жалғасып жатыр

15.03.2019

Орал өңірінде Амал мерекесін наурыздың 22-сіне дейін, яғни 8 күн атап өтеді. Биыл өңір жұртшылық мерекеде Қазақстанның киелі орындарының тізіміне енген Жұмағазы хазірет - Дәдем ата мекенінде бас қосты. Жиналған жұрт қол алысып, төс қағыстырды. Көңілдеріндегі кірбіңді ұмытып, бір-біріне кешіріммен қарады.

Көрісу айт – бірлікті бекемдейтін ғұрып. Көнеде көшпелі халық түгел тойлаған деседі. Бүгінде тек батыс аймақ бар салтанатымен атап өтеді. Әсіресе, ауыл-аймақта. Бұл жерде театрландырылған көрініс жоқ. Бәрі де шынайы. Ән де, көңілкүй де.

Жақсыбай Сейітқалиев, тұрғын:

- Қыстың аязы мен боранынан аман-есен көктемге шығып, күн жылынып, қар ери бастаған уақыттарда бір-біріне табысып, кеуде қағысып, қол алысып, біріне-бірі амандығын, мал-жанның түгендеп, қуанышқа бөленген күндердің бірі боп, осы күн осы кезге дейін сақталып қалған.

Ойдан-қырдан жиналып, киелі мекенде бас қосқан ағайын шежіре тарқатты. Мерекенің шығу төркінін таразылады. Тарихшылар 22 наурыздың парсылық түп-тамыры бар, ал 14 наурыз жағырапиялық ерекшелікке сай нағыз қазақтың жаңа жылы.

Жұртшылық мерекені Қазақстанның киелі орындарының қатарына енген Жұмағазы хазірет - Дәдем ата басында атап өтуді дәстүрге айналдырып келеді. Оралдан 80 шақырым қашықтықтағы мекеннен қысы-жазы кісі арылмайды. Бұл күні де әрі зиярат етіп, әрі дәстүрді атап өтушілер қатары көп болды.

Тек киелі мекенде емес, Жайық жұртшылығы әдеттегідей көне салтты жаңғыртып, қала мен далада да мерекені кең көлемде атап өтуде.

Көрісу айт – әз-Наурыздың бастауы. Батыста мереке 22 наурызға дейін жалғасады. Ұлыс күні ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ақ дәм ұсынылады. Кәсіпкерлер көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетеді. Ендеше, ізгілік пен ілтипаттың, қайырымдылық пен кешірімнің мерекесі құтты болсын, ағайын!

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу