Астанада жүкті әйелдің миына ота жасалды
Ұлттық нейрохирургия орталығы мен «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми орталығының хирургтары бірлесіп жүктіліктің 34 аптасындағы әйелге екі операция жасады.
Нейрохирургтар бас миындағы ісікті алып тастады, ал акушер-гинекологтар кесар тілігі арқылы сәбиді дүниеге әкелді. Бұл сирек жасалатын күрделі медициналық операция. Жалпы, мұндай ота елімізде бесінші рет жасалып тұр. Алғашқы операцияда дүниеге келген бала қазір 17 жаста. Онымен де кездестік.
Ылғи айтатынымыздай, мақтаныш сезімін туғызатын салалардың бірі – хирургия саласы.
Елдос Есенбол, тілші:
Дәл қазір мына есіктің ар жағында дәрігерлер бір емес екі адамның өмірін құтқарып жатыр. Айы-күні жақындаған 35 жастағы Шымкент тұрғыны бас ауруына шағымданып дәрігерге барған. Тексеріс нәтижесінде одан қатерлі ісік анықталған. Енді қазір дәрігерлер ана құрсағындағы нәрестені аман-есен алып шығып одан соң науқастың өзіне ота жасайды.
Медицина тілінде
мұны симултантты ота деп атайды. Бір мезетте екі дәрігерлік бригада екі түрлі
ота жасайды. «Ә» дегеннен
акушер-гинеколог жылдам сәбиді алып шықты.
Евгения Ахмедова, Ана мен бала орталығының
неонатолог-реаниматологы:
Бұл әлі толық жетілмеген бала.Сондықтан жағдайы тұрақты ауыр деуге болады. Ұл бала. Дегенмен операция сәтті өтті. Нәресте әлі дәрігерлердің бақылауында болуы керек. Сондықтан баланы Ана мен бала орталығының нәрестелер реанимациясына алып кетеміз.
Берік Примбетов, Ана мен бала орталығы Жалпы гинекология
бөлімінің меңгерушісі:
Ота асқынусыз өтті. Баланың салмағы шамамен екі келіге жақын. Бұндай оталардың өз қиындығы бар. Себебі мұндайда интубациялық наркоз жасалады. Ол іштегі балаға да әсер етеді. Ал тек кесар тілігі жасалғанда арқаға ғана наркоз салынады.
Содан соң
нейрохирургтар іске кірісті.
Мұратбек Тілеубергенов, «Ұлттық нейрохирургия орталығы»
АҚ нейрохирургі:
Ол кісінің дерті сол жақ шүйде бөлігіндегі орналасқан үлкен көлемдегі ісік. Жүктіліктің 33-34 аптасы. Ісіктің көлемі өте үлкен. Сол орналасқан аймағына байланысты. Миды өте қатты қысып тұр. Ең аз дегенде 5-6 сағатқа созылады.
Дәл осы ұлттық
нейрохирургия орталығының дәрігерлері 2025 жылы 5 мыңға жуық ота жасаған. Оның
шамамен 80-90 пайызы күрделі операция. Орталықтың биылғы жылға да жоспары
ауқымды.
Асылбек Қалиев, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
Гаммапышақтан 500-ден аса науқас ем алды. Жаңадан шыққан омыртқа ісігі болған жағдайда ісікті титаннан жасалған 3Д имплантқа ауыстырамыз. Сондай операция болып, 4 науқас ем алды. Гибридтік операциялық зал салынып жатыр. Соны іске қосуға жоспарлап отырмыз. Ол енді ең жоғары технология. Бір науқасқа бір уақытта екі әдіспен операция жасауға мүмкіндік береді.
Материалдың өзегі
болып отырған ана мен бала денсаулығы туралы бірер сөз. 2025 жылдың алғашқы
алты айының қорытындысы бойынша «ана өлімі 10, нәресте өлімі 26 пайызға
төмендеді» деген ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі таратқан. Бірақ нақты
цифрды ашып айтпайды. Мұны жауапты министрліктен сұрап та ала алмадық. Ал өткен
жылдың наурыз айында мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында
мынадай сандар айтылған: соңғы бір жылда 2500 нәресте шетінеп кеткен. 2021 жылы
200 ана, 2022 жылы 70, 2023 жылы 45, 2024 жылы 37 ана босану кезінде қайтыс
болған.
Жаңылсын Өтешова, Астана қаласының тұрғыны:
Бұл – 2008 жылдың 31 қазаны. Таңғы сегіз еді. Ас бөлмесіне кіріп жолдасыма ас дайындап жатқанмын. Сол кезде қолға құманды ұстаған кезім есімде. Ары қарай есімде жоқ.
Жаңылсын Өтешева
сол күні инсульт алып мидағы қан тамыры жүйесіне зақым келгендіктен комаға
түсіп кеткен.
Жаңылсын Өтешова, Астана қаласының тұрғыны:
Мені перзентханаға алып кеткен. Перзентханада кешкі тоғызға дейін ешқандай маған көмектесуге шамалары келмеген. Сосын нейрохирургия орталығына жүгінген.
Осылайша сол кезде
жаңадан ашылған нейрохирургия орталығында Қазақстанда тұңғыш рет симултантты
операция жасалады.
Серік Ақшолақов,«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі:
Біз орталықта әуелі дұрыстап тексеріп аламыз деп ойладық. Орталыққа әкелгенде дем алысы қиындап бала тұншыға бастады. Біздің уақытымыз болмады.
Білікті дәрігерлер
жедел шешім қабылдап ананың да, баланың да өмірін сақтап қалады.
Жаңылсын Өтешова, Астана қаласының тұрғыны:
Ерасылым 17-де. Үлкен азамат жігіт болды. 11 сыныпта оқиды. Қазір үш балам бар. Ерасылдан кейін қызым болды.Одан кейін 2021 жылы ұлым Серік дүниеге келді.
Ерасыл 31 қазан,
яғни өзінің туған күнінде «Ұлттық нейрохиругия орталығына»
баруды ұмытпайды. Ол жер өзінің екінші үйіндей.
Ерасыл Досбол, мектеп оқушысы:
Әрдайым туған күнімде барып тұрамыз. Құттықтап тұрамыз. Өте жақын. Өте ыстық жер деп айтуыма болады. Арманым сол инженерия мамандығына түсу. Қазақ халқына қызмет ету.
Жаңылсын Өтешова, Астана қаласының тұрғыны:
Осы орталыққа үлкен алғысымды айтамын. Рақметімді айтамын. Соның ішінде Серік Ақшолақов Қуандықұлына. Мен сол орталықта 2 ай бойына сол бөлімшеде жаттым. Сол кезде оң қолым, оң аяғым жансызданып қалды, мойным тесіліп тұрды. Соның бәріне қарамастан сол орталық маған күш берді. Сол ұжымдағы бүкіл ақ халатты абзал жандардың барлығына алғысым шексіз. Сол кісілердің себебімен мен өмірде жер басып жүрмін.
Айтпақшы отбасының
кенжесі Серіктің есімі алтын қолды дәрігер атанған академик Серік Ақшолақовтың
құрметіне қойылған екен. Осыдан 17 жыл бұрын қабылданған шешім бір отбасының
өсіп, өнуіне себеп болғаны расында ғажап сезімге бөлейді. Ал біз отасына куәгер
болған ана мен балаға да сондай мықты денсаулық тіледік.
Автор
Елдос Есенбол
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Атырау облысындағы оқиға: Күдікті іздестіріліп жатыр
11.01.2026, 20:12
Айзат Жұманованың ісі: Ж. Айбар 14 жылға сотталды
11.01.2026, 20:10
Ирандағы наразылық шеруі: 100-ден астам адам оққа ұшты
11.01.2026, 20:06
Саясаттанушы: Әлемдік нарықта мұнай бағасы түсуі мүмкін
11.01.2026, 20:05
Жасанды интеллектпен қазақ тіліндегі алғашқы сұхбат
11.01.2026, 19:43
Елімізде коммуналдық тариф бағасы өсе ме?
11.01.2026, 19:41
«QazTrade»: Қазақстанның түркі елдеріне экспорты $7,6 млрд-қа жетті
10.01.2026, 20:09
Премьер-министр сарапшылармен экономиканы дамыту мәселелерін талқылады
10.01.2026, 20:07