Басты Жаңалықтар Саясаттанушы: Әлемдік нарықта мұнай бағасы түсуі мүмкін

Саясаттанушы: Әлемдік нарықта мұнай бағасы түсуі мүмкін

Венесуэла. АҚШ-тың «Абсолютті шешімі». Операция солай аталады. Сонымен 3 қаңтарда америкалық әскерилер Каракасты түнекке батырып, қарсылық білдіруі мүмкін нысандарға соққы жасап, Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флоресті ұстап, АҚШ-қа – Нью-Йоркке жеткізді. Оларға «есірткі терроризмі» бойынша айып тағылды. Алғашқы сот отырысы өтті. Негізгі сот наурызда басталады. Күздің соңына қарай Д.Трамптың Н.Мадуроға «ақырын ғана кете қал» дегенін білеміз.

Аздап хронологиясына тоқталайық. АҚШ Венесуэла мұнайын сатуға кірісіп те кетті. Әрі түсім әуелі өздеріне түсетінін айтты.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бұл бір күнде қабылданған шешім емес. Жылдар бойы дайындалған сценарийдің финалы десек болады.
Трамппен Мадуро арасындағы текетірес Трамптың бірінші кезеңінде басталған.Сол кезде Вашингтон Венесуэла мұнайын нарықтан ығыстыруға кіріскен. Бірақ, ол кезде АҚШ күш қолданған жоқ. Себебі Қытай мен Ресейықпалы күшті болды. Ал осы жолы аз уақытта ойын жүзеге асырды. Басып кіріп, басшыны бірден алды. Бұл қазір қатты талқыланып жатыр. Оған кейін тоқталамыз, ал, операцияның өзегі мұнай екеніанық. Себебі Ақ үй Венесуэлаға мұнай өндірісін ұлғайтпас бұрын Қытай, Ресей, Иран және Кубамен байланысты үзу керегін ескертті. Венесуэла мұнай қоры бойынша әлемде бірінші орында. Бірақ көп себеппен өндіріс аз. Санкциялар, тасымалға кедергілер, экономикалық қиындықтарға байланысты қондырғылар жаңартылмаған. Енді АҚШ компаниялары бекеттерді қолға алып жатыр және әлемдегі мұнай өндірісін өз қалауынша өзгертуі мүмкін.

Асхат Қасенғали, саясаттанушы:

Осы уақытқа дейін Венесуэла мұнайының басым көпшілігі Қытайға сатып келді. Ендігі уақытта Венесуэланың көп мұнайы тек қана Қытайға емес басқа да әлемдік мемлекеттерге сатыла бастаса сәйкесінше алдағы 2-3 жылда әлемдік нарықта мұнай бағасы түсіп кетуі әбден мүмкін.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:
Америка алдына қойып отырған мақсаты - мұнайдың бағасын 50 долларға жеткізу. Дәл осы кезеңде Қытайдың экономикалық мүмкіндігі төмендейді, Ресейдің агрессиялық мүмкіндігі төмендейді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

 Мұндай жағдай Қазақстан секілді бюджеті мұнайға тікелей тәуелді мемлекеттерге ауыр соғатыны түсінікті.

АҚШ-тың мақсаты тек мұнайға иелік ету емес қой, геосаяси астары да қалың. Бірінші тоқталатыны - күштінің әлсізге доқ көрсетуі ашық айтылып, ашық істеле бастағандай. Иә, бір жағынан елді жаппай дерлік кедейлік пен жоқшылыққа түсірген диктаторды аяйтын адам жоқ.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Мәселе мұнаймен шектелмейді. Мұнай бір себеп. Негізгі мәселе АҚШ батыс жарты шарын осы уақытқа дейін бақылауда ұстады. Тіпті, аймақта АҚШ үестімдік етуі тиіс деген «Монро» доктринасы бар. Дегенмен, соңғы уақытта аймақта Қытаймен Ресейдің ықпалы арта бастады. Соны байқаған АҚШ басқа ойыншыларданәлемнің батыс бөлігін түгел тазартуды көздеп отыр -дейді сарапшылар.

Асхат Қасенғали, саясаттанушы:

Венесуэла бұл ойындардың ішіндегі алғашқы мемлекет деп айтсақ болады және ары қарай бұл сценарийлердің жалғасуы әбден мүмкін. Жақын арада біз Колумбиядағы өзгерістерді көріп қалуымыз мүмкін. Сонымен бірге Кубада да өзгерістер болуы ықтимал.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

АҚШ Венесуэла арқылы күшті елдер енді әлсіздермен жасырын ойнамай, мәселені күшпен шешетінін анық көрсеткендей. Бұл шикізатқа бай кіші мемлекеттерге ескерту секілді. Егер ресурсыңды өзің басқара алмасаң немесе бізге қарсы жұмыс істесең осылай болады дегенді.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:

Бұл ресурстық соғыс негізінде Америкадан басталған жоқ. Бұл ресурстық соғыс Ресей Украинаға шабуылдан басталды. Өйткені, қазіргі таңда қатты шабуыл жүріп жатқан Донбасс пен Луганскінің астында 12 трлн доллар жер қойнауы жатыр. Бұл жұқпалы ауру болуы да мүмкін. Қытайдың да амбициясы өте жоғары. Қытайға да мұндай науқас жұғатын болса біз қалай оған реакция беруіміз керек.

Асхат Қасенғали, саясаттанушы:

Бұл біз сияқты мемлекеттерге өте қауіпті. Себебі дамушы мемлекеттер өзінің құқығын кез келген әділетсіздікте, кез келген агрессияда құқығын халықаралық институттарға барып қорғайды.

Венесуэла жұртының төрттен бірі елден безіп кеткен. Олар абсолютті, елдегі халықтың да көбі Мадуроны «алып кету» операциясына қуанды. Бірақ АҚШ сол боливариандық жүйеге тиіспейтінін көрсетті.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Кім ұтылды деген күрделі сұрақ. Мадуро ұсталғанда қажыған халық билеп кеткен. Бірақ, қуаныш ұзаққа созыла ма? Оны айта алмаймыз. Біріншіден, Венесуэла жүйеден емес, бір адамнан құтылды. Өйткені Мадуроның орнына сол жүйеде жұмыс істеген Делси Родригес келді.Трамп алдағы 30 күнде сайлау өтпейтінін айтты және Родригес бізбен жұмыс істемесе «Мадуроның өзінен қымбат құн төлейді»,-деп мәлімдеді. Кей сарапшылар билікке танымал оппозиция лидері Мария Мачадо келе ме деген. Бірақ ол қазіргі жүйені тұтастай бұзуды көздейді. Сондықтан оған АҚШ мүдделі емес секілді. АҚШ үшін боливариандық модель әкімшілік басқаруға ыңғайлы. Осы жағынан қарасақ, ұтылатын тағы қарапайым халық шығар. Себебі, жүйе өзгермесе, жемқорлық азаймауы мүмкін.
Яғни халық диктатордан құтылғанымен, өздері қалаған тәуелсіз, еркін, ашық та әділетті қоғамға дәл қазір қол жеткізген жоқ.


Бөлісу