Елімізде коммуналдық тариф бағасы өсе ме?
Президент жыл басындағы дәстүрлі сұхбатты биыл «Түркістан» газетіне берді. Бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы дайындаған сұрақтар тыныс-тіршілікті тұтас дерлік қамтиды. Оқыдық. Тоқталатын деталь, цитата:
Тағы бір тоқталғымыз келетіні – баға. Қымбатшылық.
«Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «орташа табыстар қақпанына» түсіп қалғанын дұрыс байқап отыр... Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді... Ал бизнес өкілдеріне келер болсақ, олар жұмыс орындарын ашып, салықтарын адал төлейді. Алайда несие өсімінің жоғары болуы, айналымдағы қаражаттың аздығы олардың кең ауқымда дамуына, жаңа нарықтарға шығуына, заманауи технологияларды енгізуіне мүмкіндік бермей тұр», – деді. Демек, ахуалды жақсы біледі.
Соңында «Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар» деп жауап берді. Өздеріңіз де білесіздер, «орта табыс ауруы» деген термин мемлекеттің белгілі бір деңгейге жеткен соң жоғары табысты экономикаға өте алмай қалғанын білдіреді.
Тағы да Президент сөзінен цитата:
«Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады. Бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейді. Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді. Бұл сала жыртық-тесігін жанталаса жамап-жасқап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды.
Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «Авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын.
Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті».
Иә, солай. Бірақ тарифтер орнында тұрған емес. «Мына күйреген системаны жөндемесе болмайды» деген соң, адамдар қиналса да, көнеді. Себебі амал жоғын түсінеді. Бұл – біздің назардағы тақырыптардың бірі.
Бұл жолы тарифтер көтерілгеннен түскен қаржы «Авгийдің атқорасын» тазалауға жұмсала ма? Кім қадағалайды?
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы