Басты Жаңалықтар Бельгияда биылғы су жаңа көліктер таныстырылды

Бельгияда биылғы су жаңа көліктер таныстырылды

Бельгияда дәстүрлі «Brussels motor show» автокөрмесі ашылды. Осымен 102-рет ұйымдастырылып отырған автошоуға әлемге әйгілі концерндер соңғы үлгідегі темір тұлпарларын қойған. Көпшілікке он бір жаһандық премьера таныстырылып, биылғы жылдың ең үздік көлігі байқауының жеңімпаздары жарияланды.

60 шаршы метр аумаққа созылған көрмеге 67 брендтің көліктері қойылған. Алыстан-ақ көздің жауын алатын он бір әлемдік премьераның бірі Ford Ranger. Гибридті пикаптың технологиясы толық жаңартылған. Қуаты 200 аттың күшіне тең Mercedes Benz GLB де биылғы жылдың басты жаңалығы. Қазылар алқасының шешімімен Mercedes CLA «Еуропаның 2026-жылғы ең үздік көлігі» атанды. Француздар да немістерден қалыспай, көпшілікке концепт түріндегі жол талғамайтын Citroën ELO көлігін таныстырды.

Пьер Леклерк, «Citroën» компаниясының дизайн директоры:

Бұл электромобильде классикалық көліктердегідей капот пен қозғалтқыш бөлімі жоқ. Артқы жағында ғана шағын электрқозғалтқышы бар. Біз көлік жүргізушісінің орнын ортаға орналастыру арқылы бос кеңістікті көбейттік. Яғни, бұл отырып жұмыс істеуге, ішінде еркін ойнауға, тіпті төсек салып ұйықтауға да болатын баспана іспеттес.

«Көлігімізге 10 жылдық кепілдік, 10 мың еуроға дейін жеңілдік» деп Қытай, Жапония мен Корея концерндері де көрмеде сауданың көрігін қыздырып, келушілердің көңілін жаулауға тырысуда.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

KIA бір емес, төрт бірдей су жаңа көлік ұсынып отыр. Төртеуі де әлемдік премьера. Мәселен, мына EV2 шағын электромобильдің толық қуаты 440 шақырымға жетеді. Бастапқы құны 30 мың еуро.

АҚШ, Еуропа мен Азияның автоөндірушілері арасында тұтынушы үшін талас күшейген сайын көліктің сапасы мен инновациясы артты, дейді автосүйер қауым.

Хеник Фолэбрел, Брюссель қаласының тұрғыны:

Қытай көліктерінің сапасы жоғары екеніне таңғалдым. Біздің еуропалық автоөндірушілер бәсекелестікке төтеп беру үшін электромобиль аккумуляторларының қуатын арттыруға күш салуы тиіс.

Антони Мота, Брюссель қаласының тұрғыны:

Болашақта электромобильге көшуге міндетімміз. Бірақ дәл қазір оның бағасы халыққа қолжетімсіз. Сол үшін тұрғындар алуға асықпай отыр. Дегенмен, өндірушілердің көліктің түсін, дизайнын жақсартуға күш салуы қуантады.

Көрмеге жүк көліктері мен мотоциклдардың да түр-түрі қойылған. Ұйымдастырушылар, сапасы, бағасы, дизайны бірінен-бірі өтетін темір тұлпарларды 300 мың адам тамашалайды деп отыр. Автоөндірушілер жылқы жылы пайданы еселеуден үмітті.

Бөлісу