Басты Жаңалықтар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың кездесуі жоспарланып отыр

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың кездесуі жоспарланып отыр

Алдағы уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп тағы кездеседі. Президенттер ұдайы байланыста, өте жиі диалог құрады. Мемлекет басшысына сенім грамотасын табыстаған АҚШ елшісі Джулли Стафтт осылай деді. АҚШ – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің бірі. Бүгінде екі ел арасында сауда-экономикалық байланыстан бастап, мәдени, гуманитарлық және қорғаныс саласында серіктестік мығым. Енді ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейе түспек. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Вашингтонға жасаған сапарының нәтижесінде құны 17 млрд доллар болатын келісімдерге қол қойылған еді. Осы жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл жұмыс қазірден басталады деген АҚШ елшісі екіжақты ықпалдастықтың бүгінгі қарқынын «өте жоғары деңгейде» деп бағалады.

Екіжақты ықпалдастықтың қарқыны өте жоғары деңгейде

Джули Стаффт, Қазақстандағы АҚШ-тың төтенше және өкілетті елшісі:

Бүгінде бұл ынтымақтастығымыз бұрынғыдан да жедел дамып келеді. Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп өзара тығыз әрі тұрақты қарым-қатынас орнатқан. Президент Тоқаев қараша айында Вашингтонға сапармен барды. Таяуда ғана Президент Трамппен телефон арқылы әңгімелесті. Жуырда Құрама Штаттарға тағы да бармақ. Аталған қарым-қатынас алдағы уақытта да қарқынды түрде дами береді деп сенеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Джули Стаффтпен әңгімелесу барысында АҚШ-қа жасаған сапары табысты өткенін ықыласпен еске алды. Президент Дональд Трамппен достық рәуіште мазмұнды әңгіме өрбітіп, келіссөздер жүргізгеніне тоқталды. Жуырда Президенттер телефон арқылы тілдесіп, біраз мәселені талқылағаны тағы бар. Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңында Құрама Штаттарда өткен G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты. Алдағы уақытта көптеген салада стратегиялық серіктестікті дамытып, нығайтуға күш саламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Джули Стаффт, Қазақстандағы АҚШ-тың төтенше және өкілетті елшісі:

Бұл ретте бізге Президент Дональд Трамп толық қолдау көрсетеді. Екі мемлекет басшысының көмегімен өзара ынтымақтастығымызды кеңейтуге аса ықыластымын. Қазақстан Президентімен және оның жанындағы адамдармен өте мазмұнды кездесу өтті. Сонымен қатар кеше Сыртқы істер министрімен келіссөз жүргіздім. Алдымызда көптеген жұмыс күтіп тұр. Ресми қызметімнен бөлек, отбасыммен бірге осынау тамаша елмен жете танысып, елдің мәдениеті мен тыныс-тіршілігін жақыннан білуге ниеттіміз.

Президент Болгария елшісінен сенім грамотасын қабылдады

Бұдан бөлек, Президентке Болгария елшісі Георги Воденски сенім грамотасын табыстады. Мемлекет басшысы Болгария елшісі арқылы Президент Румен Радевке сәлемін жолдап, оның былтыр елімізге жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынасқа айтарлықтай тың серпін бергенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді дипломатиялық миссиясының ресми түрде басталуымен құттықтады.


Бөлісу