Ірі қара мал етін экспорттауға квота енгізілді
Елімізде ірі қара малының етін экспорттауға шектеу енгізілді. Былтырғы жылдың 31 желтоқсаннан бастап қара малдың етін Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріне әкетуге арналған квота енгізілді. Бұл норма биылғы жылдың 30 маусымына дейін қолданылады. Бұдан не өзгереді?
Ірі қара мал етін экспорттауға арналған квотаның жалпы көлемі 20 000 тонна деңгейінде белгіленді. Одан артық ет шетелге шығарылмайды. Бір тұлғаға берілетін квота мөлшері бордақылау алаңының қуатына байланысты өлшенген. Бір шаруа қожалығына 2 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ет экспорттауға рұқсат етіледі.
Марлен Оспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы сауда басқармасының басшысы:
Биылғы жылдың он айының өзінде 30 мың тонна ет шығарылған болатын. Не себепті бұл шаралар қабылданып жатқанын айтатын болсақ, бұл біріншіден ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылы «Сералы» шаруа қожалығы былтыр 500 бас жылқы мен 500 бас ірі қараны сойып, етін ішкі нарыққа шығарған. Көршілес Өзбекстанға ірі қара мен ұсақ малды экспорттайды. Қазір жайылымда 8 мың қой-ешкі бар екен.
Бақдәулет Сералы, «Сералы» шаруа қожалығының меңгерушісі:
Біз бұрын шетелге шығару үшін, делалдар арқылы немесе басқа адамдар арқылы өткізетінбіз. Қазіргі өзгерістерге қарай, бізге шетелге ет экспорттау оңтайлана түсті. Тікелей алушы мен келісім шартқа отырып, ет экспортын жібереміз.
Кейбір компаниялар мен шағын мал сою цехтары мал бордақыламай, өз өндірістік базасын дамытпай, тек қайта сатумен айналысқан. Салдарынан делдалдық, алыпсатарлық белең алып, ішкі нарықтағы бағаның өсуіне әкелді. Жаңа тәртіп мұндай делдалдарды экспорт нарығынан ығыстырып, нақты мал өсіріп, өндіріске инвестиция салып, халықты жұмыспен қамтып отырған шаруаларды ғана қалдыруды көздейді.
Марлен Оспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы сауда басқармасының басшысы:
Шаруашылықтың өзінде бордақылау алаңы болуы керек 5 мыңнан кем емес. Өзінде меншікті қайта өңдеу кәсіпорыны болу керек. Талаптарға сай келмесе, қалған кәсіпорындар оған ілікпейтін болады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті бағасының қазір тұрақталғанын айтты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы