Басты Жаңалықтар Депутаттар өңірлерді аралап жүр

Депутаттар өңірлерді аралап жүр

Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірдегі ірі өндіріс орындарының жұмысымен және көркем гимнастикаға арналған спорттық залдың құрылысымен танысты. Нысан мектеп жасындағы балаларға арналған. Жоба аясында әмбебап спорт түрлері мен көркем гимнастика залы қарастырылған. Бір ауысымда 90 бала жаттыға алады. Депутаттар балалар мен жасөспірімдер спорты үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастырудың маңызын атап өтіп, нысанды уақытылы өткізуге тапсырма берді.

Болат Керімбек, Мәжіліс депутаты:

Гимнастика деген әрбір спорттың негізі ғой. Алдағы уақытта жақсы болды. Жаңа ғимарат. Төбесі биік стандартқа сәйкес. Барлық талаптарға сай келеді. Мен ойлаймын біздің облыста жастардың ішінен кейін олимпиада чемпиондары шығады осы гимнастика бойынша.

Ақтөбе облысына соңғы бір жылда 1,2 триллион теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде, өңір экономикасы үшін маңызды жобалар жүзеге асты. Соның бірі – гофроқаптама және картон қораптарын шығаратын кәсіпорын. Мұнда елу адам еңбек етеді. Мәжіліс депутаттары зауыт жұмысымен танысып, ұжыммен кездесті. Халық қалаулылары бұл жобаның арқасында импортқа тәуелділіктің азайғанын ерекше атап өтті. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 200-ге дейін артады. Жылына бір миллион шаршы метр өнім шығарылады. Сондай-ақ, қағаз қалдықтарын қайта өңдеу ісі жолға қойылмақ.

Қазыбек Әлішев, Мәжіліс депутаты:

Шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу барысында жаңадан қабылданған салық кодексі аясында қандай тағы мәселелер бар, салық кодексін әрі қарай жетілдіру мақсатында пікір алмасудамыз. Ертең, арғы күні Темір, Байғанин аудандарының тұрғындарымен кездесеміз. Сол жерде шағын кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерімен кездесіп, түйткілді мәселелерін үкіметке жеткізетін боламыз.

Ал Оралдағы «Batys hub» инновациялық орталығында 15 стартап жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың үшеуі нарықта қолданысқа енгізілген. Аймаққа барған Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваға медицина, қызмет көрсету саласын цифрландыру жобалары таныстырылды. Сондай-ақ, Күн батареясымен бұйымдарды шалғай аймақтарға тасымалдау, су үнемдеу, дронды басқару стартаптары көпшілік қызығушылығын тудырды. Депутат сондай-ақ Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандарындағы сайлаушылармен де кездесті.


Бөлісу