Басты Жаңалықтар Еуропадағы қалың қар халықты әбігерге түсірді

Еуропадағы қалың қар халықты әбігерге түсірді

Қалың қар мен көктайғақтан Францияда бес адам  қаза тапты. Нидерланд астанасы Амстердамдағы «Схипхол» әуежайынан 800 рейс кейінге шегерілді. Бельгияда көлік қозғалысы қиындап, Антверпен теңіз порты мен бірқатар мекеме жұмысын тоқтатты.

Брюссельде қардың қалыңдығы 10 см-ге, ал елдің өзге аймақтарында 25 см-ге жетті. Мұндай қыс соңғы он жылда болмаған. Балалар сырғанақ теуіп, асыр салып ойнап, табиғаттың тосын сыйына дән риза. Ал ересектер аса мәз емес.

Каролин Вулэ, Брюссель қаласының тұрғыны:
Қар жауса, апат болғандай біз үшін. Мектепке, жұмысқа бару қиын, қоғамдық көлік сирек жүріп тұр. Жол тайғақ. Тез ерісе екен.

Толассыз жауған қар көлік жүргізушілерін де біраз әбігерге салды. Көктайғақ қозғалысты қиындатып, тасжолдарда көлік тығыны мыңдаған шақырымға созылды.

Жос Розендаль, Брюссель қаласының тұрғыны:

Сақ болу керек. Соқтығыса жаздап, әрең келе жатыр едім. Енді кептелісте тұрмын. Тасбақа сияқты аяңдап, үйіме аман-есен жетсем жақсы болар еді.

Ауа райының қолайсыздығынан Брюссельдің Завентем әуежайынан ұшып-қонуы тиіс 40 рейс кейінге шегерілді. Бельгиядан Нидерландқа қатынайтын пойыздар тоқтатылды. Антверпен портының жұмысы ақсап, елдің бірқатар мектебінде сабақ болмады.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Толассыз жауған қардың соңы жаңбырға ұласып, көктайғақ күшейеді, дейді ауа райын болжаушылар. Және алдағы екі күнде қатты жел соғып, боран болатынын айтқан синоптиктер тұрғындарға жолға шықпай, үйден жұмыс істеп, мейлінше сақ болуды ескертеді.


Бөлісу