ХҚКО-лар цифрлық кеңсеге айналады
Енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті болмайды. Барлық мемлекеттік қызмет онлайн қолжетімді болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жиында Қазақстанда жасанды интеллект бойынша университет ашылатыны да хабарланды. Цифрлық даму мәселелері талқыланған отырыстан министрлердің жоспарын біліп келген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатсын.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары цифрлық кеңсеге айналады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты. Оның сөзінше, қазірдің өзінде мемлекеттік қызметтердің 91 пайызы онлайн форматта қолжетімді. Алдағы бір жарым жылда бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
Жыл сайын Халыққа қызмет көрсету орталықтарына азаматтар шамамен 15 миллион рет жүгінеді. Олардың 80 пайызы небәрі 10 негізгі мемлекеттік қызметті алу үшін келеді. Өткен жылдан бастап осы қызметтерді толықтай цифрландыру жұмыстары басталды. Қазір олардың бірқатары тек онлайн форматта көрсетіледі. Соның нәтижесінде ХҚКО-ға келетін адамдар саны айтарлықтай азайған. Енді орталықтар халыққа арналған заманауи цифрлық кеңсе форматында қайта ұйымдастырылады.
Автожолдар интернетпен қамтылады
Басты мақсат – алдағы үш жылда Президент айтқан толықтай цифрлық елге айналу. Ол үшін ең басты талап – интернеттің қолжетімді болуы. Тиісінше, алдағы екі жылда 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сондай-ақ ел бойынша 40 мың шақырым автожолға мобильді байланыс жетеді. Жиында Каспий теңізі түбінен Әзербайжанға дейін тартылатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы биыл аяқталатыны айтылды. Бұл жоба Қазақстанның Шығыс пен Батысты байланыстыратын цифрлық көпір ретіндегі позициясын нығайтып, деректерді халықаралық деңгейде тарату арналарының тұрақтылығын арттырады.
Елде жасанды интеллект университеті құрылады
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Үкімет отырысында айтылған тағы бір жаңалық – Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады. Оқу орны индустрияның сұраныстарына сәйкес пәнаралық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға, сондай-ақ қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталады. Университет Alem.ai экожүйесіне біріктіріліп, жетекші шетелдік университеттермен және технологиялық компаниялармен әріптестікте дамиды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Негізгі мақсат – профессор-оқытушылар құрамын жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларымен 100% қамту және 100 мың студентті тарта отырып, AI-Sana бағдарламасының келесі кезеңін жүзеге асыру.
Қазақстан жер серіктерін экспорттайды
Сонымен қатар 6 отандық жер серігі сыртқы нарыққа шығарылады. Жерді қашықтықтан зондтауға арналған спутниктердің бағасы 75 млн доллар болмақ. Бұл Қазақстан тарихындағы ең маңызды технологиялық экспорт болмақ.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Озық технологиялар саласында біз цифрлық шешімдер мен қызметтерді сәтті жасап, сата білетін жетекші елдердің қатарына кіруге ұмтылуымыз керек.
Үкімет басшысы министрлер мен әкімдерге ескерту жасады
Цифрландыру саласында былтыр заңнамалық база жасалды, Alem.ai ұлттық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Қазақстандық IT-қызметтер экспортының көлемі шамамен 1 млрд долларға жетті. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды, – деді Үкімет басшысы. Жұмыс істеуге құлықсыздарға мынадай ескерту айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Сөзден іске кірісіңіздер. Кез келген мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарап, бюджет қаражатын барынша үнемдеп, нақты нәтиже берулеріңіз қажет. Ал есеп беру, презентация жасау дегеннің бәрін доғарсаңыздар. Нәтиже болмаса, оның бәрі бос әңгіме. Жұмыс істей алмасаңыздар, ашық айтыңыздар. Бұл мәселені шешеміз.
Президент экономиканың даму қарқынын арттыру міндетін қойды
Мемлекет басшысы біздің алдымызға экономикалық даму қарқынын арттыру міндетін қойды. Бұл – барлық саланы, оның ішінде энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешені мен туризмді дамытуға қатысты маңызды бағыттарды қамтиды деді Премьер-министр. Ал орынбасарларына Президент тапсырмаларын орындалу барысын өз бағыттары бойынша үйлестіруді жүктеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы