Жаттықтырушыны ЖИ алмастыра алады
Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған орай Ақтөбедегі Құдайберген Жұбанов университетінің ұжымы бірнеше жобаны жүзеге асырмақ ниетте. Оның бірі – жаттығу құрылғыларына арналған бағдарлама. Яғни болашақта фитнес жаттықтырушысының орнын жасанды интеллект алмастыра бастайды. Бұл өнертабыс қазірдің өзінде жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Кирилл Пилипенко бұл бағдарламаны досымен бірге жетілдіру үстінде. Қазір мобильді қосымша әзірлеп жатыр. Оны жүктеп алған адам жаттықтырушыны қажет етпейді. Яғни, бағыт-бағдарды жасанды интеллект береді.
Кирилл Пилипенко, жоба авторы:
Жаттығу жоспарын жүйенің өзі құрады. Жасанды интеллект алдын ала шағын сауалнама жібереді. Оны толтырғаннан кейін сіздің ыңғайыңызға қарай тапсырмалар береді. Одан бөлек бейненұсқама да болады.
Жоба авторларының айтуынша, бұл бағдарламаны дайындауға жарты жылға жуық уақыт кеткен. Өнертабыстары болашақта баршаға қолжетімді болады. Жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін құрылғыға қазірдің өзінде ресейліктер қызығушылық білдірген.
Әділжан Кереев, информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушысы:
Жаттығу түрлері бар, бұл турникке тартылу және брус. Қалғандары қосылу үстінде. Екінші варианты, нұсқасы – спорттық жарыстарда төреші ретінде қолдану мүмкіндігі бар.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Арнайы жаттығу құрылғысының алты жеріне датчиктер мен планшект орнатылады. Жасанды интеллект жаттығу жасаған адамның қимыл-қозғалысын бақылап тұрады. Егер дұрыс әрекет етпесе, бірден белгі береді.
Идея авторы Дмитрий Улитин. Ол үш жылдан бері фитнес залдары мен воркаут алаңдарын жабдықтаумен айналысады. Өз ойын іске асыру үшін университет ғалымдарына шыққан. Алдығы уақытта жаттығуға арналған құрылғыларда планшет пен телефон және бейнекамералар орнатылатын арнайы орындар қарастырылады.
Дмитрий Улитин, кәсіпкер:
Көп адам білмейді, тренажермен қалай жұмыс істеу керегін. Турникке қалай тартылу керек екенін. Соның себебінен кейбір жағдайлар болады. Мысалы, травма алады. Соны жоққа шығару үшін біз осындай шешімге келдік, проблема болғасын.
Жасанды интеллект арқылы басқарылатын жаттығуға арналған құрылғылар алдағы күзден бастап қол жетімді болады. Фитнес жаттықтырушының орнын басатын қосымшаны кез-келген тұрғын ақылы негізде жүктей алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы