Басты Жаңалықтар Президент сұқбатына еуропалық сарапшылар пікір білдірді

Президент сұқбатына еуропалық сарапшылар пікір білдірді

Президент Қ.Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұхбатына еуропалық сарапшылар да үн қосуда. Сырт көз сыншылардың пайымынша, сүбелі сұхбатта Мемлекет басшысы елдің даму бағытын айқындап, ерекше басымдықтарға кеңінен тоқталған. «Қазақстан жасанды интеллектті жаппай қолдану арқылы экономикалық дамудың жаңа кезеңіне өтеді», - дейді шетелдік сарапшылар.

Жаһанның жуан елдері экономикалық дағдарыстан шыға алмай, қиналған тұста, қазақ экономикасының өсімі алты пайыздан асып, ішкі жалпы  өнімі 300 млрд долларға жеткені расында рекордтық жетістік, дейді еуропалық сарапшылар. Олардың пайымынша, заңсыз активтерді елге қайтару арқылы мемлекет қазынасын толтыру, оны халықтың игілігіне жұмсау да ұтымды шешім.

Альберто Тюркстра, «Дипломатиялық әлем» басылымының жоба жетекшісі, Орталық Азия елдері бойынша тәуелсіз сарапшы:

Үкімет заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару бойынша қыруар іс атқарды. Ол қаржы арнайы құрылған мемлекеттік қор арқылы мектеп, аурухана құрылысы сынды маңызды әлеуметтік экономикалық жобаларға жұмсалуда. Бұл елдеріңіздің Жаңа Қазақстанға айналғанының дәлелі. Президент Тоқаевтың сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуі, билік пен бұқараның арасындағы сенімді арттыруға басымдық беруі де жоғарғы бағаға лайық.

Қазақстанның әділдік, заң мен тәртіп қағидаттарына негізделген қоғам құрудағы жетістіктерін Еуропарламент депутаттары да жоғары бағалап отыр. Елдегі соңғы реформалар азаматтардың құқығын кеңейтіп, демократияны дамытты деседі еуропарламентарийлер.

Томаш Здеховски, Еуропарламент депутаты:

Қазақстан Президенті елдің, халықтың болашағы үшін керемет бағдар жасады. Жасыл энергия, сирек кездесетін шикізат материалдары Еуропа үшін қазір өте маңызды. Еуропалық Одақ Қазақстан экономикасының дамуы үшін жасыл энергия, цифрландыру, көлік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салу арқылы көмек көрсете алады. Және елдеріңіздің энергия жүйесінің тұрақтылығы үшін атом электр станциясын салғаны дұрыс деп ойлаймын.

Көлік пен логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналғанын Еуропалық саясаткерлер де мойындайды. Одақ елдері Қазақстанның көлік инфрақұрылымын, «Транскаспий» көлік дәлізін дамытуға инвестиция құюға мүдделі. «Орта дәліз» Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға тауар тасымалдаудың таптырмас алаңы. Оған қоса, жасыл энергияны дамыту үшін  Еуропалық Одақ сирек кездесетін қазақстандық металдарға тәуелді. Қазақстанға «Орта держава, Орта күш»деп баға берген еуропалық сарапшылар елдің тұрақты дамуы жаһандық маңызға ие екенін айтады. 


Бөлісу