Басты Жаңалықтар Қарқаралы қаласына жер асты суы құбырмен жеткізілді

Қарқаралы қаласына жер асты суы құбырмен жеткізілді

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласына көптен күткен «Жарлы» жерасты су көзінен құбыр тартылып, іске қосылды. Бұл қала маңындағы жер асты суларын сақтап, сиреген орманға оң әсерін бермек. Алайда ішкі желілердің ескіргені сонша, су қысымына шыдамауда. 

Қарқаралы қаласы бұған дейін 4 ұңғыма арқылы жер асты суын пайдаланып келді. Алайда су қорының аздығының кесірінен жақын маңдағы орман ағаштары сирей бастаған. Экологиялық жоба сонау 1987 жылы қолға алынғанымен тек биыл ғана іске асты. Оның өзінде қала ішіндегі құбырлары жаңа су қысымына шыдамауда.

Сағат Түгелбаев, қала тұрғыны:

Тұрбалар жарылып жатқан жағдайлар болды. Мамандардың айтуынша, 60-70 жыл болған дейді. Олар бұрынғы шойыннан істелген құбырлар. Олардың барлығы шіріп тозды ғой енді.

Ғалымдардың сөзінше Жарлы жерасты суы қаланы ғана емес, маңайдағы ауылдарды да тіршілік нәрімен қамтамассыз етуге жетеді. Сондықтан 37 шақырым  жерден тартылған орталық құбыр қалаға 1600 текше метр су жеткізеді. Алайда шаһардағы су жүйесінің 60 пайызы тозған. Құбырлар қатты қысымға шыдамайды. Ішкі су желілерінің жалпы ұзындығы 34 шақырым. Былтыр  соның 10 шақырымы ғана жаңғыртылған

Ғалым Мұсағалиев, сумен қамту мекемесінің басшысы:

Менімен жасты құбырлар бар. 1995, 2007, 2003 жылы салынған. Қазіргі таңда сол 2003-те, 1995 жылы салынған құбырлар кетіп жатыр. Енді оның ішінде біз 10-15 шақырымын айырбастадық шама келгенше.


Бөлісу