Жол бойын цифрландыру жол апатын азайтты
Батыс Қазақстан облысында полиция департаменті салаға жаңа цифрлық шешімдер енгізді. Атап айтқанда, Бөрлі, Бәйтерек және Сырым аудандарында 246 бейнебақылау камерасы мен 11 жедел басқару орталығы құрылды.
Орталықтарда жылдамдықты бақылау жүйесі орнатылған. Сондай-ақ тұрғындардан түскен арыз-шағым бірден орталық дерекқорында өңделіп, шұғыл шешім қабылданады. Биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай аймақта тағы осындай 5 орталық ашылады. Ал облыс орталығы Оралда сараптамалық қызметі бар 300 бейнекамера орнатылды. Бұл оқиға болған аумақтың бейнежазбасын жедел түрде экранға шығаруға, «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрмыстық қалдықты далаға тастаған азаматтарды анықтауға, іздеудегі көлік пен азаматтарды тануға, құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция қызметкерлері бет-әлпетті тану функциясы бар 800 заманауи смарт-жетонды қолданады. Сондай-ақ өңірде жол қауіпсіздігі дрон арқылы бақыланады. Мобильді жылдамдықты бақылау жүйелерінің саны да артты. Барлық автокешен «Қорғау» жүйесіне біріктірілді. Саланы цифрландыру жол апаттарын азайтуға септігін тигізіп отыр.
Ернар Сұлтанғалиев, облыстық ПД бастығының орынбасары:
Бізде 20 «Кибер шериф» болса, биыл тағы да 10 «Еркін патруль» бірлігі алынып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмегін тигізіп жатыр. Соның ішінде 5-і жасырын бақылауға арналған. 2024 жылмен салыстырып қарағанда жол-көлік оқиғасында қайтыс болған азаматтардың саны төмендеді. Алдыңғы жылы 103 адам көз жұмса, былтыр 81 адам қаза тапты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы