Абай облысында өндірістік кәсіпкерлікпен айналысатындар көбейді
Абай облысында шағын және орта бизнес өндірістік бағытқа бет бұрып келеді. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындарының саны артқан. Соңғы екі жылдың өзінде бұл салада 105 мыңнан астам адам жұмысқа тартылыпты. Әсіресе ауылды жерлерде шикізатты дайын өнімге айналдыратын цехтар көбейген.
Әсел Әсемхан жеті баланың анасы. Ақсуат ауданында кәсіпкерлікпен он жылдам астам уақыт айналысып келеді. Мейрамхана бизнесінен бастап, сауда-саттықпен шұғылданған. Кейіннен табыс көзін тағам өндірісінен тапты. Қазір аудан орталығында кулинарлық цехы жұмыс істеп тұр. 30-дан астам өнім түрлерін шығарып, ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамтыған.
Әсел Әсемханқызы кәсіпкер:
Қазір қаладан да кем емес. Ауданымызда мықты-мықты өнімдер шығарып жатырмыз. Шағын ауыл шаруашылығымен де айналысамыз. Ет өнімдерінен жартылай фабрикаттар шығарып жатырмыз. Толық осы жерден таза табиғи, денсаулыққа пайдалы өнімдер шығарып жатырмыз.
Ал Көкпекті ауданы, Үлгілі малшы ауылында тұратын ерлі-зайыпты Айдос Байтұнов пен Сая Дулатқызы бір жылдан бері ет өнімдерін өндіруге ден қойған. Жылқы етінен жасалған шұжықтар, ысталған еттің түр-түрін дайындайды. Аудан орталығынан 80 шақырым қашықтағы шалғайда тұрса да тұрақты тұтынушылары бар. Сапалы өнімге сұраныс артқандықтан шағын өндірісті ұлғайтпақ ойда.
Сая Дулатқызы, кәсіпкер:
Алматы қаласына барып шұжық өндірісімен айналысатын ұстаздардан үйреніп келдім. Басында 12 түрлі шұжық істедік. Соны үйреніп бастағанбыз. Ақырындап ысталған ет, үйрек еті, әсіп, құс еттерін, әртүрлі шұжық түрлерін, ақ қайыңға ысталған ет түрлерін істеп жатырмыз.
Айдос Байтұнов, кәсіпкер:
Шикізаттан гөрі дайын өнім ретінде сатқанның пайдасы бар. Мысалы торпақтың бағасы 400 мың болса, сойып өңдейтін болса 700 мың болады. Біз қазір аудан, облыс көлемінде сатып жатырмыз. Бүкіл Қазақстанға шықса деген ой бар.
Жалпы Абай облысында 69 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. Олардың дені өндірістік секторға бет бұра бастаған. Нәтижесінде бизнес өкілдері 164 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы