Басты Жаңалықтар Жаңа Салық кодексі күшіне енді

Жаңа Салық кодексі күшіне енді

Жаңа Салық Кодексі күшіне енді. Құжат салық жүйесін жеңілдетіп, көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған. Қосылған құн салығының өсуі кәсіпкерлер мен тұрғындарға әсері қандай?

Асылбек Данияр, тілші:

Қосылған құн салығы бұрын 12 пайыз болса, жаңа жылдан бастап 16 пайызға өсті. Мұны кімдер төлеуге міндетті, қай сала босатылған, рет-ретімен айтайын. Ең алдымен, салықты жылдық айналымы 43 миллион теңгеден асатын бизнес өкілдері төлеуге міндетті. Ал, айналым шегінен асқан соң 5 күн ішінде қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелуі керек. Өтініш бұрынғыдай, электронды түрде «Салық төлеушінің кабинеті» немесе eGov порталы арқылы қабылданады. Кәсіпкер уақытында есепке тұрмаса, ескерту беріліп, орындауға бір ай беріледі. Маңызды жайт: егер бизнес өкілі мемлекеттік сатып алу арқылы шекті мөлшерден асатын сомманың келісімшартына қол қойса, сол күні тіркелуге тиіс.
Қосылған құн салығының базалық мөлшері дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге биыл 5 пайыз деп бекітілсе, келер жылы 10 пайызға көтеріледі. Ал тегін медициналық көмек, әлеуметтік сақтандыру, кітап басып шығару және археологиялық жұмыстар қосылған құн салығынан босатылды.
Арнайы салық режимі жетіден үшке қысқарды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған салық режиміндегі кәсіпкерлер мен фермерлер қосылған құн салығын төлемейді. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған таксист, курьер, наубайханашы секілді 40 қызмет көрсету түріне жеңілдік қарастырылған. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе де болады. Бастысы, айлық табысы – 1,2 млн теңгеден аспауы тиіс. Зейнетақы, медициналық сақтандыру жарнасы секілді 4 пайыз әлеуметтік төлемдерін төлеуге міндетті.
Жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін, жылдық табысы 2,5 млрд теңгеден аспайтын бизнес өкілдері үшін салық мөлшері  - 4 пайыз. Салық жергілікті бюджетке түстіндіктен, әкімдік оны 2 пайызға төмендетіп, 6 пайызға дейін көтере алады.
Сонымен қатар, бірыңғай зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салық шегерім 5000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды. Ал 10 жылдан асқан автокөліктерге салық төмендеді. Ең бастысы -  жоспарлы салық тексерістері жойылып, орнына фискальді сүйемелдеу тәсілі енгізілді.
Бөлісу