Елімізде 5 мың шақырымнан астам теміржол салынады
Алдағы төрт жылда елде 5 мың шақырымнан астам теміржол салынады. Тағы 11 мыңнан астамы жөнделеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтты. Порт, автожол инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр. Тағы қандай жобалар іске асады?
Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк көлемі бір жылда 29 миллион тоннадан асты. Мемлекет басшысы транзиттік әлеуетті одан әрі күшейтуді тапсырған еді. Өйткені, кейінгі жылдары елдер арасында экономиканы көлік-логистикалық торап арқылы дамыту бағытында бәсеке күшейе түсті. Стратегиялық маңызы бар жобаның бірі - Ақтауда салынатын теңіз порты. Ол жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етпек. Жүкті жеткізу мерзімін 7 күнге дейін қысқартуға, көлік шығындарын 25%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары ашылады. Саланы цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын енгізуге де ден қойылған.
Марат Шәкенов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Бұл шешімдер Қазақстанның көлік жүйесін өзгертеді. Қазақстан теміржолы «Wabtec» және «Huawei» компанияларымен бірлесе инновациялық орталықтар ашып, жылжымалы құрамды автоматтандыруды бақылау үшін кинетикс жүйесін енгізіп жатыр.
Мемлекет басшысы «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралінің мән-маңызына да тоқталды. Оның екінші желісі іске қосылғалы бері 13 млн тоннаға жуық жүк тасымалданды. Қазір әр жолмен тәулігіне орта есеппен 20 пойыздан өтеді. Бұдан бөлек, «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» желілерін іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша, 2030 жылға дейін жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асатын теміржол салынады.
Бауыржан Оспанов, кәсіпкер:
Қазіргіге қарағанда аз болатын. Өйткені жалғыз жол болды. Қазір екі жол, бір жолмен тиелген жүк кетіп жатса, екінші жолмен бос вагондар келіп жатады. Экспорт келіп жатады. Соның арқасында жүк тасымалы көбейіп жатыр.
Бүгінде Қазақстан арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі бар. Оның 5-еуі темір жол, 7-еуі автокөлік дәлізі. Қытай мен Еуропа арасында құрлықта жүктің шамамен 85 пайызы осы жолдармен тасымалданады. Еліміз Транскаспий көлік бағытын, яғни, «Орта дәлізді» дамытуға белсене атсалысып келеді. Бұл жобаны іске асыруға Қытай тарапы да бейіл.
Ван Лисинь, «Қытай теміржолдары» мемлекеттік корпорациясы бас директорының орынбасары:
Тразинттік дәліздерді дамыту біз үшін айрықша маңызға ие. Бұл ретте «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының аясында Орталық Азия мемлекеттерімен серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Бәрін бірлесіп талқылап, барлық тарапқа тиімді бағыттарға ден қоюды көздеп отырмыз.
Былтыр «Достық» шекара пункті жұмысын бастады. Талдықорған-Достық аралығында 500 шақырым жол жөнделді. Бұрын 800 көлік өтсе, енді 1600-ге жеткізу көзделіп отыр. Мұның бәрі логистика саласында жаңа мүмкіндерді ашады. ЭкономикаНЫ нығайтып, экспорт көлемін еселей түседі, дейді мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы