Басты Жаңалықтар Шымкентте еңбек адамдары марапатталды

Шымкентте еңбек адамдары марапатталды

Шымкентте еңбек адамына құрмет көрсетілді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмысшы мамандарды құттықтап, үздіктеріне марапаттар табыстады. Сонымен қатар 200-ден астам отбасы жаңа пәтер кілтіне ие болып, екі тұрғын үй табиғи газға қосылды.

Мерекеге орай бірқатар жұмысшы мамандар құрметке бөленді. Қала дамуына елеулі үлес қосқан 30-ға жуық еңбек адамына марапат табысталды. Солардың қатарында 35 жылға жуық қарттар үйінде қызмет етіп келе жатқан Күлпан Асылбекова да бар.

Күлпән Асылбекова, №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері:

35 жыл дегенде еңбегім еленіп жатыр екен. Қала әкіміне рахмет. Еңбегімді елеп, марапатқа ие болып жатқаныма ризашылығымды білдіремін.

Сонымен қатар Шымкенттегі Алтынтөбе мен Тассай тұрғын алаптары орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды. Бұған дейін жекеменшік газға тәуелді болған тұрғындар қысымының төмендігіне тап болатын. Жаңа жүйе іске қосылып бұл мәселе толық шешімін тапты.

Рзабек Меңдіқұлов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

Тассай мен Алтынтөбені қосқанда қаланы газбен қамту көрсеткіші 98.5 пайызды құрайды. Қалған елді мекендерді газға қосу үшін үлкен АГРС керек. Жоспарымыз сол, келесі жылдан бастап компрессорная станцияны салу.

Шымкентте 203 отбасы жаңа жылда жаңа баспанаға қол жеткізді. Солардың бірі – ерекше бала тәрбиелеп отырған Нағима Молдасапарова. Сегіз жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрып, жаңа пәтерге қоныс аударғанына қуанышты.

Нағима Молдасапарова, қала тұрғыны:

Менің бірінші топтағы мүгедек ұлым бар. Сол ұлымның атынан там алып жатырмын. 8 жыл болды үй кезегінде тұрғаныма. Қуаныштымыз.

Айта кетейік, баспаналар «Отбасы банк» арқылы іске асқан «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша берілді. 444 пәтерге конкурс өтіп, оған шамамен 8 мың адам қатысқан. Қалған үйлерді бөлу келесі жылдан бастап жалғасады.


Бөлісу