Басты Жаңалықтар Депутаттар Жамбыл облысындағы мектеп құрылысымен танысты

Депутаттар Жамбыл облысындағы мектеп құрылысымен танысты

Жамбылда мектептер құрылысы қарқын алды. Биылдың өзінде 40-қа жуық нысанға қатысты жаңадан салу және жаңғырту жұмысы жүреді. Осы орайда Мәжіліс депутаттары білім ұяларына барып, құрылыс сапасын көрді. Жібек жолы ауданындағы тозығы жеткен №27 орта мектепте бұған дейін 400 бала оқып келді. Былтыр маусымда 3 бөліктен тұратын ескі нысан орнына 600 орындық жаңа ағарту ошағы салына бастады. 3,7 млрд теңгенің жобасы биыл қарашада бітуі тиіс. Бірақ мердігер межелі мерзімінен екі айға ерте аяқтап, жаңа оқу жылына жетпей ашылатынын айтты. Депутат Гүлдара Нұрым құрылыс сапасы мен қазына қаржысының тиімді жұмсалуын өз бақылауына алатынын ескертті.

Гүлдара Нұрым, Мәжіліс депутаты:

Осы жылы 12 білім нысанының құрылысы жүргізіледі. Оның 4-і жаңа мектептер, ал 8-іне қосымша ғимарат салу жоспарланып отыр. 26 мектепте жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Осының бәрі біздің «Amanat» партиясының бақылауында болады.

Былтыр өңірдің білім саласына 25 млрд теңге бөлініп, 26 нысанның құрылысы басталған болатын. 13 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның бесеуі – «Келешек мектептері» аясында ашылды. Нәтижесінде Қордай мен Шу ауданындағы үш аусымды мектептер жойылды. Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров енді еліміздегі ескі мектептерді жаңғырту қосымша қаржы есебінен жүргізілетінін айтты.

Мұқаш Ескендіров, Мәжіліс депутаты:

Жамбыл облысында осындай 1951 жылы салынған мектептер әлі де бар. Жаңа бюджеттік кодексті қабылдағаннан кейін, әр өңір өзінің даму бюджетін, даму бағдарламасын жасайды. Сол арқылы өз қаражаттарының барлығын осындай мәселелерге жұмсайды. Биыл субвенция ретінде бюджеттік кодексте мемлекет тарапынан 6 трлн ақша бөлінді өңірлерге, осындай мәселелерді шешуге.


Бөлісу