Басты Жаңалықтар Түркістан облысында 1000 МВт электр станциясының құрылысы жүріп жатыр

Түркістан облысында 1000 МВт электр станциясының құрылысы жүріп жатыр

Түркістан облысында Президенттің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан ірі энергетикалық жоба жаңа кезеңге өтті. Қуаты 1000 мегаватт болатын электр станциясында қазір негізгі жабдық – газ турбиналарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл нысан өңірді тұрақты электр қуатымен қамтуға бағытталған.

Құрылыс барысында бұған дейін екі газ турбинасы сәтті орнатылып, жобаны келесі монтаж кезеңіне өткізуге мүмкіндік берді. Қазір Siemens Energy өндірісіндегі үшінші агрегат монтаждалуда.

Ернұр Уәлихан, тілші:

Қазір біз Түркістан облысындағы 1000 мегаваттық бу-газ электр станциясының құрылыс алаңында тұрмыз. Артымызда – Германияда өндірілген, салмағы 200 тоннаға жуық газ турбинасы. Бұл – болашақ станцияның жүрегі саналатын негізгі агрегат. Алып қондырғы арнайы 600 тонналық кранның көмегімен монтаждалып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі операциялар миллиметрлік дәлдікті және жоғары қауіпсіздік талаптарын қажет етеді.

Бұл қондырғылар арнайы Германиядан әкелінді. Жеткізу мен монтаж жұмыстарына корейлік Doosan Enerbility компаниясы жауапты. Мекеме өкілдерінің айтуынша, турбиналарды жеткізу кезінде әлемдегі геосаяси жағдайлар ескеріліп, арнайы маршрут құрылған.

Гихун Бек, Doosan Enerbility жобасының директоры:

Бүгін біз орнатқан газ турбинамыз 5 мың километр арқылы әлемнің жарты бөлігін аралап, Қытай арқылы осында жеткізілді. Әлемде болып жатқан соғыстарға байланысты арнайы маршрут құрдық. Нәтижесінде 3 газ турбинаны орнына орнаттық.

Құрылыс алаңында ғимараттардың қаңқаларын монтаждау, металл конструкцияларын орнату және қабырғаларды қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 850 адам жобаны жүзеге асыруға қатысып отыр, ал алдағы уақытта олардың саны 1 200-ге жетеді.

Ұлан Бүркітов «Түркістан БГҚ» ЖШС Басқарма төрағасы:

Қарапайым тілмен айтсақ, 1000 мегаватт деген еліміздегі ең үлкен бу газ қондырғысы болады. Жалғыз облысқа ғана емес өңірге де үлкен ықпалы бар. Энергетикалық тәуелсіздік жағынан өте маңызды жоба.

Бетондау жұмыстары да аяқталуға жақын, құрылыс қарқыны белсенді. Жобада жергілікті тұрғындар да жұмысқа тартылып, өз үлестерін қосып жатыр.

Нұрмат Бектібаев, құрылыс компаниясының шебері:

Біз нольден бастап жатырмыз. Арматурасын тоқимыз, жерін дайындаймыз, одан кейін бетонын құямыз. Анкерін қойып, металл конструкцияға дайындап беріп жатырмыз.

Станция бу-газ қондырғысы негізінде жұмыс істейді, бұл қазіргі таңдағы ең соңғы және энергия тиімді технология. Құрылыс жұмыстарын келесі жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарда, ал жоба толықтай 2028 жылы іске қосылмақ.

Ернұр Уәлихан, тілші:

Қуаты мың мегаватт электр станциясының құрылыс жұмыстары жоспарға сай аяқталып, жоба іске қосылғанда оңтүстік өңірдің электр энергия тапшылығын толық жояды. Сонымен қатар энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамассыз етіп, аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосады дейді мамандар.
Бөлісу