Басты Жаңалықтар АҚШ-тағы жаңа жылдық мерекелік бөлшек сауда айналымы биыл тұңғыш рет 1 триллион доллардан аспақ

АҚШ-тағы жаңа жылдық мерекелік бөлшек сауда айналымы биыл тұңғыш рет 1 триллион доллардан аспақ

АҚШ-тағы жаңа жылдық мерекелік бөлшек сауда айналымы биыл тұңғыш рет 1 триллион долларлық межеден аспақ. Ханука, католиктердің Рождествосы мен Жаңа жылды қамтыған мерекелік кезең желтоқсан айы бойы сауда орындарында қызу қарбалас туғызып, жәрмеңкелердің жұмысын бұрынғыдан да жандандыра түсті. Әсіресе қолөнер бұйымдары мен тағам өнімдеріне сұраныс айрықша жоғары.
Вашингтон орталығындағы мерекелік аймаққа күн сайын 10 мыңнан астам адам келеді. Ал демалыс күндері халық саны бірнеше есе артады. Мұндай қарқын қала қазынасы үшін де шағын және орта бизнес иелері үшін де жақсы табыс көзі болмақ.
Эми Сисел, сатушы:

Биылғы саудамыз жақсы жүріп жатыр. Адамдардың қарасы қалың. Әсіресе құстардың әйнек мүсіншесіне сұраныс жоғары. Тіпті санынан жаңылдық. Біз осында келгелі бері ауа райы да жақсы болып тұр.
Серэй, сатушы:
Біз грузиялық шебердің әшекей-бұйымдарын АҚШ-қа әкеліп сатып жатырмыз. Биыл алқалар мен жүзіктерге сұраныс артқанын байқадық. Мереке кезінде және демалыс күндері жәрмеңкеде ине шаншар орын болмайды. Тіпті бізден былтыр әшекей алып кеткен кісілер, биыл тағы іздеп келіп, сауда жасап жатыр.
Биыл ел бойынша мерекелік сатылым көлемі 1 триллион доллардан асуы ықтимал. Мамандардың айтуынша, сауданың едәуір бөлігі дәл осындай маусымдық жәрмеңкелерге тиесілі.
Яна, студент:
Осы мереке қарсаңында сыныптасымды көру үшін Нью-Йорктан арнайы келдім. Құр жүрмей, денсаулыққа пайдалы өсімдіктердің қоспасы бар шай сатып алдым.
Пэң, турист:
Бұл біздің Вашингтондағы алғашқы мерекелік жәрмеңкеміз. Қала бойынша қызықты шаралар ұйымдастырылып жатқанын көрдік. Солардың бәрін иттерімізбен бірге аралап, тамашалап жүрміз.
Мереке тұсында халық көп жиналатын жердің бірі— АҚШ Конгресі алдындағы басты шырша. Биыл қылқан жапырақ алғаш рет Невада штатынан әкелініп, соған сай сол өңірді мекен ететін аң-құстардың бейнелерімен безендірілген. Бұл америкада 60 жылдан бері үзілмей келе жатқан дәстүр.

Бөлісу