Басты Жаңалықтар Президент бір жылда 19 елге сапар жасады

Президент бір жылда 19 елге сапар жасады

2025 жыл Қазақстанның сыртқы саясатында айрықша белсенді кезең болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл ішінде шетелге 19 рет сапарлап, елдің халықаралық беделін нығайтуға басымдық берді. Араб елдерінен бастап, Азия, Еуропа және Америкаға дейінгі сапарлар нақты экономикалық келісімдермен, стратегиялық әріптестіктермен есте қалды. 2025 жылғы сыртқы саясаттың негізгі бағыттарына Оңғар Алпысбайұлы шолу жасайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Абу-Дабиге сапардан бастады. Мемлекет басшысы халықаралық саммитке қатысып, әлемдік деңгейдегі ірі компания басшыларымен кездесті. Нәтижесінде Abu Dhabi Ports Қазақстанда жаңа жобаларын іске қосатын болды. Ал Masdar Жамбыл облысында баламалы энергия өндіретін кәсіпорын салмақ. Бұл - жасыл энергетикаға жасалған маңызды қадам.

Одан кейін Президент ресми сапармен Иорданияға барды. Қақтығыстар тоқтамаған Таяу Шығыста бейбіт саясат ұстанған елмен байланыс нығайды. Келіссөздер екі елдің стратегиялық серіктестігіне жаңа серпін берді.

Жыл бойы Мемлекет басшысы бірқатар ірі халықаралық алаңда болды. Өзбекстанда - Орталық Азия елдерінің саммитіне қатысты. Венгрияда - Түркі мемлекеттері ұйымының басшыларымен бас қосты. Беларусьте - Еуразиялық экономикалық одақ жиыны өтті. Тәжікстанда - ТМД саммитінде өңірлік мәселелер талқыланды.

9 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барды. Әскери шеруге жиналған бірнеше елдің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Сол сәттердің бірінде Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен бейресми әңгіме өрбіді. Бұл кадрлар мемлекеттер арасындағы маңызды мәселелер кейде ресми үстелден тыс та шешілетінін аңғартты.

Көп ұзамай Президент Қытайға ресми сапармен барды. Келіссөздер нәтижесінде жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам құжатқа қол қойылды. Бұл - екі ел тарихындағы ең ірі экономикалық пакеттердің бірі.

Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа екі рет барды. Алдымен Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп, жаһандық мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымын жариялады. Ал, қарашада Президент Вашингтонда болды. Орталық Азия + АҚШ саммитінен кейін түсірілген кадрларда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп еркін форматта әңгіме өрбітті. Кейін тараптар екіжақты келіссөз өткізіп, 17 миллиард долларлық келісімдерге қол қойды. Ал осыдан бірнеше күн бұрын АҚШ Президенті Қазақстан басшысына арнайы сый-сияпат жолдады.

Шілде айында Мемлекет басшысы Түркияға ресми сапар жасады. Әуежайда Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты өзі қарсы алды. Екі Президенттің қол ұстаса жүруі - достықтың айқын белгісі. Мемлекет басшылары қала ішінде де бір көлікпен жүрді. Ал ресми қабылдау кезінде Түркия Президенті: «Екінші Отаныңызға қош келдіңіз» деп, түркі елдерінің тұтастығын айшықтады.

Жыл соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға сапарлады. C5+ форматындағы саммиттен кейін екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөнінде келіссөздер өтті. Жапония Императоры мен Премьер-министрінің бір күнде Қазақстан Президентін қабылдауы — ерекше құрметтің белгісі.

Бұл - сыртқы сапарлардың негізгі бөлігі ғана. 2025 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге 19 рет сапар жасап, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға күш салды. Биылғы Қазақстанның сыртқы саясаттағы географиясы осылай сипатталды. Ал жыл ішінде Ақордада 18 мемлекеттің Президенті ресми сапармен болды.

Бөлісу