Басты Жаңалықтар Атырау облысында мердігерлердің салғырттығынан әлеуметтік нысандар құрылысы тоқтап тұр

Атырау облысында мердігерлердің салғырттығынан әлеуметтік нысандар құрылысы тоқтап тұр

Атырау облысы Қызылқоға ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы созбалаңға салынды. Мәселен Мұқыр ауылындағы мәдениет үйі бірнеше жылдан бері пайдалануға берілмей келеді. Құрылысын жүргізген мердігер бірнеше рет ауысып, тіпті қылмыстық іс қозғалған. Қарабау ауылындағы мәдениет ошағы да уақытында аяқталмады. Тасшағылдағы амбулаторияның өз алдына проблемасы бар. Толығырақ әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатып айтады.
Бес мыңға тарта тұрғыны бар Қарабау ауылындағы ескі мәдениет үйі апатты деп танылып, былтыр жаңасы салына бастаған. Бірақ ауыл халқының қуанышы көпке созылмады. Биыл тапсырылады деген нысан қазір қаңырап бос тұр.
Талғат Қадырғалиев, Қарабау ауылының тұрғыны:

Ауылымыздың үлкендері бар, жастары бар, орта буыны бар, концерт көре ме, тағы басқа спектакль бірдеңе бола ма деп ойлап, өзімізше басталғанда қуанып едік. Жағдайды өздеріңіз көріп тұрсыздар. Мәдениет үйінің түрі мынау. Масқара ғой, қашан бітеді енді мынау.
Жауаптылардың сөзінше, Қарабау мәдениет үйі келер жылы пайдалануға беріледі. Ал Мұқыр ауылындағы жағдай тіпті күрделі. Мұндағы мәдениет үйінің құрылысы 8 жылдан бері бітпей тұр. Осы уақыт аралығында бюджет көлемі 400 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Бірінші ғимараттың құрылысы аяқталмай жатып, апатты деп танылды. Кейін сүрілді. Орнына осындай жаңа нысан бой көтерді. Бірақ мұның да бітер түрі жоқ.
Азамат Жақсиев, Мұқыр ауылдық округінің әкімі:
Клуб қызметкерлері мектептің акт залында отырады. Ауыл тұрғындарының бірден-бір арманы деп айтуға болады мәдениет үйі. Тезірек бітіріп, құрылысты аяқтап, тапсырса деген тілегіміз бар.
Мұқыр ауылында бұған дейінгі мәдениет үйі құрылысының аяқталмауы мердігер мекеменің салғырттынан болды,- дейді жауаптылар. Енді жаңа ғимараттың осы жылға бөлінген қаржысы толық игерілген. Келер жылы қалған қаражаты бөлініп, бірінші жартыжылдықта аяқталмақ. Ал Тасшағылда ақхалаттылар әкімдік қызметкерлерімен бірге бір жерде қызмет етеді. Екіқабатты ғимараттың үсті әкімдік, ал асты емхана. Қызметкерлердің айтуынша қазіргі нысандары талапқа сай емес.
Бейнегүл Таспанова, Тасшағыл амбулаториялық емханасының аға медбикесі:
Бөлме жетіспейді. Бір-біріміз бірігіп отырған жерлер бар. Соған байланысты жаңадан тезірек болса екен дейміз.
Дархан Тілепберген, Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
Тасшағыл амбулаториясы Қызылқоға ауданы құрылыс бөлімімен жобасы жасақталып, Атырау облысы құрылыс басқармасы арқылы тендерлік рәсімдер жүргізіліп, мекеме анықталды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы желтоқсан айында басталады. Мерзімі 6 айға созылады.
Аталған ғимараттардың барлығы келер жылы пайдалануға беріледі. Қазір өңірде 17 мәдени нысан салынуда. Биыл үшеуі пайдалануға берілді. Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15 медицина нысаны бой көтеріп жатыр. Жергілікті бюджет есебінен тағы 12-сі халық игілігіне берілмек.

Бөлісу