Басты Жаңалықтар Мәдениет пен руханият: 2025 жылдың қорытындысы

Мәдениет пен руханият: 2025 жылдың қорытындысы

Ұлттық аналитикалық орталық биыл басты кейіпкерлер кім? деген сұраққа берілген жауаптың нәтижесін шығарған.
Респонденттер «Жыл адамы» деп Қ. Тоқаевты атаған. Тізімде Димаш Құдайберген, «Қайрат» клубының ойыншылары, үйдің қасбеті опырылып түскенде адамдарға көмекке ұмтылып, ақыры өзі қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуан бар.
Жалпы рухани-мәдени әлемде раһатқа бөлеген жаңалық аз емес. Абайдың 180 жылдығына арналған қорытынды онкүндікті жұрт жақсы бағалады.
Ерекше әншілердің ізденісі қандай?! ALEM-нің «Күйім» композициясы тамаша. Көптен үндемей кеткен Ғалымжан Молданазар Алматы мен Астанада концерт ұйымдастырды. Керемет. Азаматтық қоғам деңгейі көтеріліп жатыр.
Жиіркендіретін әрекет жасағандарды немесе тілімізді мансұқ ететіндерді қоғам өзі-ақ тезге салады. Кәнсілейді. Көрші елдің артистерінің соғысқа байланысты ұстанымына қарайды. «Мақтабастарға» «Сау болып тұр» дейміз.
Мәдениет десе бірден еске Димаш түседі. Осылай болғалы бірнеше жыл. Сол Димаш биыл да әлемдегіәнсүйер қауымға әсерлі кештер сыйлады.New Yorkтағы Madison Square Gardenде концерт берді. Қазақстанның өнер тарихында мұндай оқиға бұрын болмаған.
Ойлаңызшы, қазақ баласы АҚШ-та жеке концерт өткізіп, 20 мыңдық аренаны толтырды. Ал, Мехикодағы «Stranger» шоуы күткеннен де көп сұранысқа ие болды. Алғашында бір концерт жоспарланып, 10 000 билет бірнеше сағатта сатылып кеткесін, екінші концерт өтті.Ал, жиналғандардың Димашқа қосылып қазақша әншырқауы қалыпты жағдайға айналды қазір.
Димаштың жетістігінен бөлек, биыл бірнеше әнші халықаралық байқауларда жеңіске жетті. Ержан Максим Дубайда өткен Sanremo Best Song байқауында топ жарса, Александр Лим «Жаңа толқын», Алмагүл Батталиева «Славян базары», El Voice тобы «Soldier’s Envelope» фестивалінің Гран-при иегері атанды. 7-сынып оқушысы Мирас Нағашыбай «Витебск» балалар байқауының жеңімпазы болды.
Алмагүл Батталиева, «Славян базары – 2025» халықаралық байқауының гран-при иегері:
Бізде талантты әншілер өте көп. Іріктеуден өту - екінің бірінің қолынан келе бермейді. Халқымның, елімнің намысын қорғау - мен үшін үлкен жауапкершілік.
Мирас Нағашыбай, «Славян базары – 2025» халықаралық балалар байқауының жеңімпазы:
5 жастан бастап ән айтып келе жатырмын. Осы күнге дейін мені анам дайындаған болатын. Ендігі мақсат – ешқашан берілмей, алға қадам басып, үлкендердің категориясындағы «Славян базарында» топ жару.
Мирасқа сәттілік дейміз. Ал әлемдіаузына қаратқан Димашымыз биыл елдегі басты тұлғалар тізіміне енді.Ұлттық талдау орталығы «Жыл адамы» деп кімді санайсыз?» деген сауалнама өткізген.
Ең көп дауыс жинағандар ішінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев, әнші Димаш, боксшы Геннадий Головкин бар. Өзгелерді құтқарам деп өзі мерт болған фельдшер Ұлдана Мырзуан да қаһармандар қатарында.
Айтпақшы осы сауалнамада жылдың танымал киносы да анықталған. «Ауру», «Ыстық ұя», «Патруль. Соңғы бұйрық»,«Офсайд» сияқты туындылар жоғары бағаланған. Ал мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, соңғы уақытта отбасылық құндылықтар мен әділеттілік принциптары суреттелген картиналарға сұраныс артқан.
Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
2025 жылы 10 ұлттық фильм кең прокатқа шығып, 16 жаңа фильм түсіріле бастады. Жалпы кино саласын кезең-кезеңімен дамыту, қаржыландыру тетіктерін ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. 25 жылы «Қайтадан» фильмі 1 млрд теңгеден астам, ал «Капитан Байтасов» фильмі алғашқы екі аптада 190 млн теңгеден астам табыс тапты.
Биыл отандық фильмдердің прокаттағы үлесі 25 пайызға жеткен. Былтыр 21 еді. Сондай-ақ, биыл еліміз алғаш рет Канн кинофестивалі аясындағы Marché du Film кинонарығына қатысты. Оған қоса халықаралық байқаулардан жүлде алған режиссерлар мен актерлар көп.
Жандос Құсайын, режиссер, сценарист:
Даму деңгейі меніңше көңіл көншітерліктей. Бірақ, бізде үлкен проблема жанрдың аздығы, қысаңдығы. Ол комедиялардың басым болып тұрғандығы. Бірақ, бұл уақыттың еншісіндегі мәселе. Уақыт өте адамдардың талғамдары да өсе бастайды, сол кезде өзі индустрияда ондағы адамдарға соған қалай бұрыла береді.
Мұндай бетбұрыс тек кинода емес, жалпы қоғамда байқалады. Мысалы, 2025 жылы санаға айрықша әсер еткен оқиғалар көп болды. Соның ішінде тілге қатыстыларырезонанс тудырды. Алдымен, біздің қызметкер қазақша сөйлеуге міндетті емес деген «Qazaq Coffee» компаниясы жабылып тынса, клиенттен қазақша сөйлеуді сұраған курьерін жұмыстан шығарып жіберген Magnumғакөпшілік байкот жариялады. Өткен аптада Шымбұлақтағы «Gusto» мейрамханасының әкімшісі«маған қазақ тілі керек емес» деп,жұмысынан қуылды. Халық ол мейрамханаға барудан бас тартты.Жалпы, қоғам түрлі оқиғаға қарсылығын осылайкөп білдірді.
Айгерім Құсайынқызы, заңгер, MNU оқытушысы:
Мен мұны азаматтық қоғамның оянуы және адам құқығына қатысты құндылықтардың жақсы жаққа қарай өзгеруі деп айтар едім. Меніңше, кәнсіл мәдениеті мәдени феномен болғандықтан дәл сол жерде біз халықтың көңіл-күйін, халықтың қалауын, халықтың біріккенін көре отырып бизнеске сабақ болуы керек.
Бизнеске ғана емес, өнерпаздарға да сабақ болар жайттар байқадық.Мысалы, Ресейлік әнші Акмаль сары-көк түсті пакетті өртеп жіберіңдер деген еді. Көпшілік оны қатты сынап, кейін Павлодар мен Өскемендегі концерттері өтпей қалды. Ал өзінің бұрынғы сүйіктісін ұрды деп айыпталған актер Шәріп Серіктің сериалдардағы рөлдері қиылып тасталды.
Айгерім Құсайынқызы, заңгер, MNU оқытушысы:
Халық ақымақ емес. Халықты тобырға балап, кез келген дүниеге сенеді деп айту қазіргі таңда, ХХІ ғасырда өте қауіпті. Егер сен әлеуметтік желіге өзіңнің имиджіңе, репутацияңа нұқсан келтіретіндей әрекет жасасаң комментарий жазсаң, тікелей эфирге шықсаң сен бірден жұмыстан айрыласың деген норманы еңбек-шартына қойса ешкімді балағаттамайтын болады, ойына келгенін айтпайтын болады.
Айтпақшы, 2025 елге Джей Ло келген жыл болып та есте қалатын сияқты. Өйткені, оның әні де, сәні де  көп талқыланды. Сән демекші, 2025 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болған Ақтауда наурызда 5000 адам ұлттық киімменбір жерге жиналып, Гиннесс рекордын орнатты. Бұл шара елді біріктіріп, ұлттық рухын көтергендей. Жалпы 2025 идеологиялық тұрғыда да атаулы болды. Абайдың 180 жылдығы, Шоқанның 190 жылдығы, Міржақыптың 140 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мәдени шаралар ұлттың тарихи тамырын сезінуге әсер етті. Алайда, 2025 жылы қаралы хабар да аз болмады. Мәдениет пен әдебиетке, руханиятқа еңбек сіңірген тұлғалар бірінен соң бірі өмірден өтті. Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахметұлы, Дулат Исабеков, Әкім Тарази, Сейіт Қасқабасов, Сламбек Тәуекел, Исраил Сапарбай, Ғалым Доскен, Күләш Ахметова, Асанәлі Әшімовтер дүниеден озды. Олардың әрқайсысы өз саласының шебері, тұтас бір дәуірдің үні, елдің рухани ұстазы сияқты еді.

Бөлісу