Басты Жаңалықтар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастармен кездесу өтті

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастармен кездесу өтті

Биыл Абай облысы аумағында есірткіге қатысты 230 қылмыс тіркелген. 130 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталған. Өкінішке қарай, шалыс басқандардың арасында жастар да жоқ емес. Сондықтан прокуратура, жергілікті әкімдік пен Экономикалық тергеу департаменті бірлесіп алдын алу жұмыстарын күшейтті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Қауіпсіз орта және жарқын болашақ» тақырыбында жастармен кездесу өткізді.

Айдос Саттаров, облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры:

416 келі есірткі заттары тәркіленген болатын. Оның ішінде синтетикалық есірткілер де бар. Биылғы жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 2 қылмыстық іс қозғалған болатын. Қылмыстық істер сотқа жолданған. Оқу орындарында, мектептерде, колледждерде осындай профилактикалық жұмыстар атқарудамыз.

Ал Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандары қаржылық сауат жөнінде дәріс оқыды. Жасанды интеллект көмегімен жасалатын жалған жарнама, дропперлік жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Құқық қорғаушылар интернет алаяқтық белең алмас үшін ең бастысы азаматтардың құқықтық сауатын арттыру маңызды, дейді. Түрлі дөңгелек үстел, форумдар өткізіп, ұжымдар мен оқу орындарында заң талаптарын сақтау, құқықтық мәдениетті арттыру, сондай-ақ қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызын насихаттауды одан әрі күшейте түспек.

Мәдина Намазақова, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі:

Абай облысында дропперлікке қатысты факт тіркеліп қылмыстық іс қозғалған жоқ. Алайда жастар қылмыскерлердің жетегінде, жеңіл ақша табуды көздеп ұрынуы мүмкін. Сондықтан ондайға жол бермес үшін осындай кездесулерді жиілетіп ұйымдастырамыз. Көбіне заңды білмегендіктен қылмыскерлердің алдауына түсетіндер көп.


Бөлісу