Басты Жаңалықтар Қатардағы жауынгер Илья Хальчуков – елдегі ең бойшаң сарбаз

Қатардағы жауынгер Илья Хальчуков – елдегі ең бойшаң сарбаз

Абай облысындағы әскери гарнизонда еліміздегі ең бойшаң сарбаздың бірі, қатардағы жауынгер Илья Хальчуков мерзімді әскери қызметін өтеп жүр. Илья - Петропавл қаласының тумасы, мамандығы – автокөлік жөндеуші. Оның бойы 2 метр 10 сантиметр. Ол әскерге баруды өзі қалаған. Қазір әскери техникаға, техникалық қызмет көрсетілуіне және оның жарамды күйде болуына жауап береді. Сарбаздың жеке ерекшелігін ескерген бөлім басшылығы да оған барлық қажетті жағдайды жасаған. Ильяға әскери киім мен аяқ киім жеке тапсырыспен тігілген. Ал жатын орны бойына сай бейімделген. Мұндай жағдай сарбаздың алдына қойылған міндеттерді еш кедергісіз орындауына ықпал еткен. Айта кетейік, бұған дейін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бригадасында бойы 2 метр 9 сантиметр Әлішер Назымбек қызмет етіп жатқанын айтқан едік.

Илья Хальчуков, қатардағы жауынгер:

Маған мұнда барлық жағдай жасалған. Саптық дайындық пен дене шынықтыру нормативтерін орындау кезінде бойдың ұзындығының пайдасы тиіп жатыр. Әскерде бастысы – сыртқы келбет емес, тәртіп пен жауапкершілік. Мұнда өз орнымды таптым және борышымды өтеп жүргеніме мақтанамын.  

Бөлісу