Басты Жаңалықтар Таразда 2,5 мыңға жуық тұрғын баспаналы болды

Таразда 2,5 мыңға жуық тұрғын баспаналы болды

Таразда жаңа аудандар көбейді. Шаһардың шығысындағы «Шапағат» шағын ауданында  12, ал «Балауса» ауданында көпқабатты 22 баспана бой көтерді. Биыл үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамту үшін республикалық және облыстық бюджеттен 40 млрд-қа жуық қаржы қаралды. Нәтижесінде 2 жарым мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады. Ал, пәтерлер кезегін күткен бюджеттік мекеме мамандары мен әлеуметтік осал топтағыларға берілді. Биыл Таразда 44 баспана, ал аудандарда 2 көпқабатты үй бой көтерді. Жалпы есепте 765 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

Эльвира Орынбасарова, қала тұрғыны:

Біз «Жаңа концепция» бағдарламасымен алдық. 10%-дық жарнамен төлеп алдық. 5%- дық несие төлейміз. Бұл жас отбасыларға өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Қаншама жас отбасы бұлай ала алмай жүр. Бізге өте керемет мүмкіндік болды.

Ал облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 40 мыңнан астам азамат бар. Кезек мәселесін шешу үшін аймақ атқамінерлері үй салып қана қоймай, дайын баспаналарды да сатып алып жатыр. Биыл бұл бағытта республикалық бюджеттен 21,5 млрд. теңге бөлініп, 1 415 пәтер сатып алынған.

Дәулет Дайрабаев , облыстық Құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

Келер жылға тоқталатын болсақ, бізде ағымдағы жылдан өтпелі 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар бізде Асқаров көшесінің соңындағы орналасқан 16-мөлтек ауданында 30 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Сонымен қатар 36 тұрғын үйдің жобалау сметалық құжаттамасы дайындалды.  
 

Бөлісу