Ойыл, Ноғайты өзендерінің жағасы бекітіліп, түбі тереңдетіліп жатыр
Атырау облысы Қызылқоға ауданында Ноғайты, Ойыл өзендерінің жағалары нығайтылып, түбі тереңдетіліп жатыр. Көктемгі тасқын кезінде су шайып кететін жерлері анықталып, арнайы технологиямен бекітілуде. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт ауданға барып, жұмыс барысымен танысып қайтты.
Көктемгі
тасқын кезінде Сағыз ауылының ішін бойлай өтетін Ноғайты өзені үй-жайларға
қауіп төндіретін. Бұл арна бұрын-соңды мүлдем тереңдетілмеген. Осыдан бір жыл
бұрынғы алапат тасқыннан соң жауаптылар жұмысты бастады.
Нұрсұлтан
Нұрсейіт, тілші:
Қазір мұндағы жұмыстар 90 пайызға аяқталды. Технология бойынша әуелі осындай геоторлар төселеді. Одан кейін оның іші арнайы Мұғалжар тауынан әкелінген тастармен толтырылады. Одан соң техниканың көмегімен дәл осылай престеледі.
Владислав
Жеребенко, мердігер мекеме өкілі:
Ені 50 метрді құрайды. Ал тереңдігі 1 метр 70 см-ден 2 жарым метрге дейін жетеді. Негізі бұл өзен жаз айында кеуіп кетеді. Бірақ осы жылы Ақтөбе облысынан ұдайы су келіп тұр. Біз бұл қиындықтарға қарамастан жұмыстардың барлығын тасқынға дейін бітіріп беруді жоспарлап отырмыз.
Құрылыс
басында 40 адам мен 25 шақты техника бар. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 3
млрд теңгенің үстінде қаражат қарастырылған. Жаға бекітуден бөлек Сағыз ауылдық
округінің тұрғындары үшін демалыс орны салынып жатыр. Ауылдан 25 шақырым жерде
Балбұлақ бөгеті тұрғызылған. Көктемде қар суы мен Ақтөбедегі Марғаудан
басталатын Топырақшашты өзені бөгетке келіп тіреліп, шағын көлшік пайда болмақ.
Асхат
Арыстанов, Сағыз ауылдық округінің әкімі:
Бұл халыққа өте пайдалы. Енді қазіргі таңда осы жерге мал жиналып жатыр су ішуге. Сонымен қатар балықтар әкеліп саламыз деп жатырмыз. Бұрынғы өзінің шүңіиттерінде балықтар болған. Сонымен қатар осы жердің бәрінде бұрын бау-бақша болған. бидай еккен осы жаққа. Соны қайтадан қалпына келтіру мақсатында ауыл тұрғындары бау-бақша егуге көктемге дайындалып жатырмыз.
Ноғайтыдан
бөлек аудан үшін маңызы зор тағы бір арна бар. Ойыл өзеніне жыл сайын үлкен
мөлшерде су келіп, сай-саланы толтырады. Тасығанда 8 ауылға қауіп төндіреді.
Былтырғы тасқында арнасынан асып, жол қатынастары толық үзілген еді. Енді құны
10 млрд теңгені құрайтын жоба басталып, өзен тереңдетіліп жатыр.
Қанат
Әзмұханов, Қызылқоға ауданының әкімі:
Ойыл арнасына келетін су ол тұрғындарға да, малға да өте қолайлы жағдай туғызады. Жалпы ауданымызда Ойылдың 170 шақырымы орналасқан болса, соның 80 кмін зерттеп жобалаушылар, біздер тереңдету, кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Сондай-ақ
келген суды реттеп отыратын «Ералы» су торабы жүйесі де жаңғыртылуда. Егер
жұмыстар сәтті аяқталса көктем кезінде арналардан төнетін тасқын қаупі біржола
жойылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы