Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысында жұмысшы мамандығын таңдаған түлектер саны 2 есе артты

Ақтөбе облысында жұмысшы мамандығын таңдаған түлектер саны 2 есе артты

 Ақтөбе облысында жұмысшы мамандықтарына барғысы келетін мектеп түлектерінің саны екі есеге артқан. Биыл өңірдегі кәсіптік-техникалық білім беретін ұйымдарда жаңадан бес мамандық ашылды. Ал, Хромтау Жоғары тау-кен колледжі еліміздегі ең үздік білім ордасы атанды. Облыс орталығында өткен форумда мамандар жыл бойы атқарған жұмыстарын қорытындылап, жаңа жоспарларымен бөлісті.

Игнат бала күнінен әкесі секілді дәнекерлеуші болуды армандаған. Колледжде де осы мамандықты игерді. Ол жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөліне бастағанына дән риза. Жас маман биыл жұмысқа орналасып, тәжірибе жинай бастады.

Игнат Горнатко, дәнекерлеуші:

Маған бұл мамандық қатты ұнайды. Әкеммен бірге қақпа мен темір қоршаулар құрастырып жүрмін. Дәнекерлеушілердің табысы да жаман емес. Елімізде жұмысшы мамандықтарға сұраныс артып келеді.

Қазір Игнат секілді мамандарға сұраныс көп. Сондықтан кадр даярлау ісіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Хромтау жоғары тау-кен колледжі түлектерінің түгелге жуығы жұмысқа орналасады. Өйткені, білім ордасы еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлайды. Соңғы курста оқитын студенттер оқу тәжірибесін кен орындарынан өтіп, көбі сол мекемелерге бірден қабылданады. Колледж «Кәсіби маман» Республикалық байқауында бас жүлдеге ие болды. 

Бағдашжан Молдашева,  Хромтау жоғары тау-кен колледжінің директоры:

Осы жылда жаңадан үш мамандық аштық. Ең бірінші мехатроника мамандығы, екінші моршейдерство деген, үшінші техник мамандығы. Негізі осы үш мамандық ең керек маңызды мамандық.

Биыл облыстағы кәсіптік-техникалық білім беретін мекемелерде жұмыс берушілердің сұранысына сай жаңа мамандықтар ашылды. Нәтижесінде, оқу орнын аяқтаған түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші де айтарлықтай өскен. Ал, бүгінгі халықаралық форум аясында жергілікті мамандар мен Жапония, Франция, Беларусь, Қытай және Өзбекстан елдеріндегі білім беру мекемелерінің өкілдері заманауи технологияларды қолдану бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Бұлбұл Күзембаева, облыстық Білім басқармасының басшысы:

Биылғы мемлекеттік тапсырыс, соның ішінде жұмысшы мамандықтар былтыр 2 мың болса, биыл 4 мыңнан астам. Яғни, екі есеге көбейіп отыр.Бұл дегеніміз – жастарымыздың жұмысшы мамандықтарына деген бетбұрысы, ол жақсы байқалады. Сондықтан бізде барлық мектептерде кәсіби бағдар беруші штаты енгізілді биылдан бастап.

Облыста қайтарымсыз грант алғандардың да саны артқан. Мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Қысқа мерзімді кәсіби оқытудан 540 адам өтті. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарға сұраныс артқан.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жұмысшы мамандықтары жылында өңірде 42 мың тұрғын жұмысқа орналасты. Облыс орталығы мен аудандарда13 мансап орталығы жұмыс істеп тұр. Жастар тәжірибесі, «Күміс жас», «Ұрпақтар келісім шарты», «Алғашқы жұмыс орны» секілді бағдарламалардың игілігін көргендер көп. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді.
 

Бөлісу