Елорданың өңірлік жалпы өнім көлемі 34 миллиард доллар
Биыл елордада шаршы метрі 5 миллионға жуықтайтын тұрғын үй салынды. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі артып, қала бюджетіне 4 триллион теңгеден аса салық түскен. Елорданы дамытудың өзекті мәселелері қаралған жиында Мемлекет басшысы осылай деді. Бірақ мұндай көрсеткішке тоқмейілсуге болмайтынын еске салып, Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруға тиіс деді. Әлеуметтік инфрақұрылымдар қажетті аудандарға салынуы тиіс. Президент шеткері аудандардың да инфрақұрылымын дамытуды назардан тыс қалдырмауды міндеттеді. Раушан Сайлауқызы рет-ретімен.
Елорданың өңірлік жалпы өнім көлемі 34 миллиард доллар. Соңғы 11 айда қысқа мерзімге арналған экономикалық индикатор 118,6 пайызға жетті. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер бойынша Астана алдыңғы орында тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2025 жылдың 11 айында 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайыз өсті. Яғни 6 миллиард доллар шамасында. Биылғы 11 айда сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсеткен. Бұл – шамамен 22,5 миллиард доллар. Маған берілген мәлімет бойынша қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түскен. Мұны қомақты қаржы деуге болады.
Мемлекет басшысы Smart City жобасын жеделдетуді тапсырды
Oxford Economics 2025 рейтингінде Астана Азия құрлығында 36-орында тұр. Салыстырмалы түрде, көрсеткіш анағұрлым жақсы. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені Астананың әлеуеті зор. Әрі бас қала өзге аймақтарға үлгі болуға тиіс. Президент Жапония сапары аясында Токиодағы Smart City жобасы бойынша тәжірибе алмасатынымызды жеткізді. Әрі жапондықтардың менталитетіне тәнті болғанын жасырмай, үлгі алуға болатынын айтты. Елде де Smart City жобасы жүзеге асырыла бастаған. Мемлекет басшысы мұны жетілдіріп, тездетіп аяқтауды тапсырды.
Елорда халқының саны 1,6 млн-ға жетті. Сәулеті мен сәні келіскен бас шаһар заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мысалы, Төраға Си Цзиньпин қаламыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын берді. Бұл – әлемдік ірі державалардың басшылары Қазақстанға келгенде біздің қалаларымыздың келбетіне мән беріп қарайды деген сөз. Мұны қаперде ұстау керек.
Президент қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне тоқталды
Соңғы екі жылда Астанада көптеген қоғамдық кеңістік пайда болды. Жасыл желек мол егіліп, демалыс аймақтары көбейді. Бұл жұмыстар қарқынды түрде жалғасады. Дегенмен ескеретін жайт, Астананың тек орталық көшелері айнадай жарқырап тұратын қала болмауға тиіс. Шеткері аудандарға да көңіл бөлу керек. Бұл мәселеге бюджеттен бөлек демеушілер қаражатын да тартуға болады, - деді Мемлекет басшысы. Президент қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осы тектес жобаларды іске қосу пысықталып жатыр. Соның аясында тәулігіне мың жарым тоннаға дейін қалдық өңдеу, электр энергиясын өндіру қарастырылған. Ел бойынша қалдықтарды жоюды көздейтін 40-тан астам жоба жоспарланған. Олардың бәрі белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуға тиіс.
Елорданың дамуы жөніндегі кеңеске қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырды. Мәселен, Астанада халық саны көп, бірақ демалыс орны өте аз.Одан бөлек, Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту және Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу ұсынысын қолдап, құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастауды тапсырды. Шешілмей жатқан тағы бір мәселе – көлік тұрақтарының жетіспеушілігі. Президент мұны көпқабатты тұрақтар салу арқылы реттеуге де болатынын айтты. Мемлекет басшысы жаңа әуежай салу мәселесіне де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкіметке әкімдікпен бірге осы мәселені мұқият пысықтап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын. Жуырда біз елімізде толыққанды авиахабтар қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Соның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыс та бар. Үкімет осыған қатысты өз ұстанымын айқындап, нақты шешім қабылдауы қажет.
Коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғырту қажет. Көші-қон қарқынының артуы, ірі қалалардағы құрылыстың тығыз салынуы инженерлік желілер мен шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарға айтарлықтай салмақ салады. Мәселен, бірнеше жыл бұрын елордада ауыз судың тапшылығы сезілген еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Төртінші ауыз су станциясын межелі мерзімде салған жөн. Биыл Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды. Жұмыстың осы қарқынын жоғалтпау маңызды. Екінші кәріз-тазарту құрылысы мен қалаішілік тазарту жүйесін іске қосу керек.
Ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Экономиканың қажеттілігі артып келе жатқанын ескерсек, қазір өндірілетін 29 миллиард текше метр тауарлы газ ішкі сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан газ өңдеу бойынша жоспарланған барлық жобаны уақтылы іске қосу өте маңызды. Бұл жұмыс орнықты әрі кепілді ресурстық база қалыптастырумен қатар жүргізілуі керек.
Биыл елордада 5 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынған. Бірақ саннан гөрі сапа маңызды. Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет.Мысалы, жуырда сапасыз тұрғын үй екі адамның өліміне себеп болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет құрылыстың барлық кезеңін, яғни жобалаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейінгі үдерісті толық цифрландыруға тиіс. Сол арқылы бұл салада тәртіп орнатып, жұмыстың сапасын қамтамасыз етуі қажет. Аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауы керек.Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет. Үй салып жатқан компаниялар мен мердігерлер туралы және сараптама нәтижелері жайлы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуға тиіс.
Алдымызда биік мақсаттар тұр. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Толық цифрлық мемлекет болу. Энергетика, ауыл шаруашылығы салаларын дамыту. Мемлекеттік қызметкердің дені бас қалада екенін ескерсек, артылған жүк ауыр. Той тойлап жүруге, жалқаулыққа, жұмысқа жауапсыз қарауға болмайды. Халыққа әдемі есеп емес, нақты іс керек. Сондықтан барлық басшы мен лауазымды тұлғадан елге пайдасы бар жұмыс талап етемін , - деді Президент.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы