Басты Жаңалықтар Түркістанда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді

Түркістанда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді

Жүргізуші Екі миллионнан астам халық тұратын Түркістан облысында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың көлемі жыл сайын артып, кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несие түрлері де көбейді. Соның арқасында тұрғындар өз кәсібін ашуға қызығушылық танытып отыр. Өңірде бүгінде 216 мыңнан астам бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. 

Бұл Түркістанның іргесіндегі шағын өнеркәсіптік парк аумағынан ашылған тоңазытқыш зауыты. Ашылғанына небәрі бір жылдан асқан өндіріс орнында дүкендер мен жанармай бекеттерінде тұратын тоңазтқыштар шығарылады. Дайын өнім елімізбен қатар Қырғызстан, Өзбекстанға саудалануда. Зауытта Түркістан мен Кентау қаласының тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылған.

Айгүл Тәшімбетова, зауыттың өкілі:

Мамандарды толықтай өзіміз үйретеміз. Себебі біздің Қазақстанда мұндай пройзводство жоқ. Жылдың басында 110 адамға жеткізген болатынбыз. Маусым айында 150 адам болды. Осы қазан айында екінші конвейер қосқаннан кейін адам саны көбейіп, 300-ге дейін жеткіздік.

Ал мына зауыт отандық өнім шығарады. Толық өндірістік циклі бар кәсіпорында мектеп мен ауруханаға, кеңсеге қажетті жиһаздар жасалады. Озық технологиямен жабдықталған зауытта негізгі жұмысты роботтар атқарады. Әрі Сауран ауданының 180 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс орны бүгінде ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейткен.

Мұқаддас Ғаппарова, жұмысшы:

Бұл өндіріс біздің ауылдан ашылғанына қуаныштымыз. Қаншама адамдарды жұмыспен қамтып отыр. Алдын мысалы ауылдың әйелдеріне жұмыс болмаған. Түркістанға қатынап істеген. Кентауға қатынап істеген. Қазір тұрақты жұмыс, құдайға шүкір. Айлығымыз тұрақты.

Аймақта қазір 100-ден аса нысан орта бизнес санатында жұмыс істеп тұр. Қалғандары микро және шағын бизнес субъектілері. Оларды бұрынғыдай жөн-жосықсыз тексерулерге тыйым салынып, әкімшілік кедергілер азайған. Шағын жобаларға мемлекеттен 5 миллионнан 500 млн. теңгеге дейін қаржыландырады.

Сағи Жұматаев, Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы:

Әлеуметтік кәсіпкерлерге грант ұсынамыз 5 млн теңгеге дейін. Одан бөлек «Өрлеу бағдарламасына сәйкес 12,6 пайызбен 7 млрд теңшеше дейін несиелендіру қарастырылған. Қазіргі таңда 41 кәсіпкерге берілді. Қазір сауда саласында, одан кейін өндіріс саласына үлкен көңіл бөлінуде.

Сондай-ақ әкімдіктің тікелей сүйемелдеу жұмыстарының нәтижесінде, жалпы құны 54 млрд. теңгені құрайтын 343 жоба жүзеге асып, 3 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлер үшін салынған 21 индустриялдық аймақта жалпы құны 39,5 млрд. теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба іске қосылған. Ендігі мақсат – орта және шағын бизнестің үлесін арттырып, ел дамуын орнықтыра түсу дейді мамандар.

 

 

Бөлісу