Басты Жаңалықтар Оңтүстіктен Қостанай облысына 500-ден аса адам қоныс аударды

Оңтүстіктен Қостанай облысына 500-ден аса адам қоныс аударды

Биыл Қостанай облысына оңтүстік аймақтан 500-ден аса адам қоныс аударған. Олардың бәрі халықтың қоныстануы мен еңбек нарығын реттеуге арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар. Мамандардың айтуынша, әсіресе жастар жағы тұрақтап қалып жатыр. Мысалы, Боровской кентінің мектебінде соңғы жылдары өзге өңірден бір емес, төрт жас маман келіп, жұмысқа тұрған.

Айдос Қостанай Қызылорда облысынан Меңдіқара ауданындағы Боровской кентіне 2021 жылы көшіп келген. Дипломын алып, бірден ауыл мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрды. Мемлекет берген демеуқаржыға екі бөлмелі пәтер алған. Кейін осы жерде шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Қазір жары Ақсанамен екі ұл тәрбиелеп отыр. Айтуынша, тегінің Қостанай болуы да тегін емес.

Айдос Қостанай, тарих пәнінің мұғалімі:

Өзімінің Қостанай атам 1922 жылғы. Көш уақытында дүниеге келген. Қостанай маңында келгендіктен атауын берген. Жалпы болашақта осы жақта тұрғылықты қалып, әрі қарай өрісімізді кеңейтсек деген ойым бар.

Ғаббас Жұмабаев атындағы мектеп-гиназиясында Айдос сынды өзге өңірден көшіп келіп, тұрақтап жатқан жастардың қатары артқан. Соның бірі Гүлдана Саматқызы. Ол жолдасымен Шымкенттен былтыр қоныс аударды. Өзі – мұғалім, ал жұбайы – тіс дәрігері.

Гүлдана Саматқызы, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Айлық жағынан, жұмыс табу жағынан ешқандай қиыншылық көрген жоқпыз. Ауа райы да, халқы да жақсы. Қазір тұрғын үймен қамтамасыз етіп жатыр. 5 миллион жеті жылға деп нақты көрсетілген. Одан бөлек, бір реттік төлем, яғни 345 мың теңге алдық.

Биыл Қостанай облысына барлығы 525 қоныс аударушы келген. Бөлінген квотаның 98 пайызы игерілді. Яғни көш шығынын түгел мемлекет өтейді. Оған қоса отбасының әр мүшесіне 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін демеуқаржы беріледі.

Мәриям Әбдіраш, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

Үй жалға алатын болса, 70 АЕК 275 мың теңге отбасы мүшелеріне әрқайсысына осы көмек беріледі. Егер де осы жақта тұрақтап қалып, өмір сүретін болса, оларға тұрғын үй алу мүмкіндігі бар.

Биыл осы мүмкіндікті пайдаланып, 43 отбасы үйлі болды. Ал «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 4 адам кәсіп ашып, табыс тауып отыр. Өңірде әлі де медицина қызметкерлері мен мұғалімдер, жұмысшы мамандар тапшы. Тағы бір ескеретін жайт, көшіп келген отбасы сол қоныстанған жерінде 5 жыл тұруға міндетті. Бұл келісім бұзылса, алған көмектің бәрін мемлекетке қайтарады.


Бөлісу