Басты Жаңалықтар Отандық университеттер халықаралық рейтингте 5 cатыға көтерілді

Отандық университеттер халықаралық рейтингте 5 cатыға көтерілді

Қазақстандық студенттер әлемдегі ең беделді математика олимпиадасында алты бірдей жүлдеге ие болды. Білім додасына 112 елден 700-ге жуық жас ғалым қатысты. Біздің құрама үздіктердің қатарында. Халықаралық білім бәйгелерінде биыл отандастарымыз тағы қандай нәтиже көрсетті? Отандық университеттер әлемдік рейтингте нешінші орында?

21 жасар Әбдірахым Жалбасов тасқын қаупін анықтайтын бағдарлама ойлап тапты. IT жүйе математикалық есептердің негізінде жасалған.  Табиғи апаттың келе жатқанын бірнеше күн бұрын хабарлайды. Жас математик биыл осы өнертабысы үшін халықаралық ғылыми жобалар сайысында жүлделі орын алған.

Әбдірахым Жалбасов, Халықаралық олимипада жүлдегері:

Мысалы тау жыныстарында көшкін қаупі болады. Сол көшкіндердің математикалық моделін құрамыз. Ғалым болғым келеді. Мақсатым әртүрлі процестерді зерттеп, физикалық, химиялық процестердің моделін құру. 

Ал үшінші курс студенті Бақтияр Қуанған физикадан дүниежүзілік олимпиаданың жеңімпазы. 20 жасар жігіт Еуропа елдері, Қытай, Америка студенттері қатысқан білім бәйгесінен үздік шыққан. 

Бақтияр Қуанған, Халықаралық олимпиада жүлдегері:

Мектеп кезінен бері физика пәніне қызығамын. Мен өзімнің үйренген, білген жетістіктерімді өзімнен кейінгі студенттерге үйреткім келеді, оқытушы болғым келеді осы университетте.

Биыл қазақстандық студенттер спорттық жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетті. Тек Түркі универсиадасынан 29 медаль жеңіп алды. Ал әлемдегі ең беделді математика олимпиадасында алты бірдей жүлдеге ие болды.  Оған 700-ге жуық жас ғалым қатысқан.  Қазақстан құрамасы үздіктердің қатарында. Осындай жетістіктердің арқасында отандық жоғары оқу орындары халықаралық рейтингте бірден бірнеше сатыға көтерілді. Мәселен, Еуразия Ұлттық университеті 321 орыннан 317-орынға шыққан.

Серікзат Дүйсенғазы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің деканы:

Біздің университеттеріміздің ТМД елдері бойынша беделі өте жоғары. Бірінші орында әл-Фараби атындағы, екінші орында біз тұрмыз. Басқа Орталық Азиядағы бірде бір университет біздің деңгейімізге жете алған жоқ.

Университеттің халықаралық рейтингке шығуы студенттердің жетістігіне ғана байланысты емес. Бірінші кезекте оқу орнында шетелден келген білім алушылардың көп болуы  маңызды. Біздегі жоғары орындары бұл жағынан да Орталық Азияда көш бастап келеді. Кейінгі 5 жылда елдегі шетелдік студенттердің саны 5 есе артқан. Министрліктің болжамынша, 2030 жылға дейін олардың саны 100 мыңнан асады.


Бөлісу