Басты Жаңалықтар Елордада халық саны 1,6 миллионнан асты

Елордада халық саны 1,6 миллионнан асты

Астанада биыл 328 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылып, 120 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Келесі жылы тәулігіне 2 250 тоннаға дейін қоқыс жағатын зауыттың құрылысы басталмақ. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек бүгін брифингте баяндады. Шаһар басшысының айтуынша, Астананың дамуында оң динамика бар. Дегенмен, мәселе де жоқ емес.

Астанада халық саны 1,6 миллион адамнан асты. Жыл сайын 100 мың адамға артып келеді. Тұрғынмен қатар көлік те көбейіп жатыр. 500 мыңға жуық автомобиль заңды тіркелген. Тағы 100 мыңға жуық көлік транзитпен елорда арқылы өтіп жатыр. Көлік кептелісті азайту мақсатында 2027 жылы екі деңгейлі жол құрылысы басталады. Мұндай жобалар Токио сияқты алып шаһарларда бар.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:

Қабанбай көшесінен бастаймыз. Ол анау Қосшыдан басталады. Екінші деңгейдегі, екінші, үшінші қабаттағы жолдарды салу. Басқа мемлекеттің астаналарында осындай жобалар 10-15 жыл бұрын салынған. Кептеліс пен көлік өсіп жатқан қалада басқа шешетін амалдар жоқ.

Астанадағы автотұрақтардың басым бөлігі алдағы уақытта тегін болады. Себебі тұрақтардың дені әкімдік меншігіне өтіп жатыр. Ал ЛРТ болса келесі жылы, яғни бір-екі айдың шамасында жолаушыларды тасымалдай бастайды. Жаяу жүргіншілерге жағдай жасау үшін биыл 422 автобус сатып алынған. Екі жылда автопарктың тең жартысы жаңартылды. Биыл елордада 4 млн шаршы метрге жуық тұрғын-үй салынды. Бұдан бөлек, мектеп пен балабақшалардың да құрылысы қарқын алған.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:

2019 жылдан бастап қалада бірде бір мемлекеттік балабақша салынған жоқ. Биыл бірінші рет соңғы 6 жылдың ішінде 3 мемлекеттік балабақша іске қосылып жатыр. Және жылына осылай 5-6 мектепті салу жоспарланған.

Есіл мен Нұра аудандарында екі емхана, Алматы ауданында перинаталдық орталық, жаңакөпсалалы қалалық аурухана және Есіл ауданында балаларға арналған травматологиялық пункттің құрылысы басталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланың 95 пайызы газбен қамтылып, 14 тұрғын алапқа жеткізілді. Келесі жылы 100 пайызға жеткізілмек.


Бөлісу