Семейде оқушылар сарайы ашылды
Семейде Президент тапсырмасымен салынған оқушылар сарайы қолданысқа берілді. Балалардың шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамытатын орталық 500 балаға арналған. Ауысыммен 1500 оқушыға дейін қабылдай алады. Ғимарат Абай облысы құрылғанда қолданысқа беріліп отырған алғашқы нысандардың бірі.
Оқушылар сарайының салтанатты ашылуына облыс әкімі, Оқу-ағарту вице министрі Шынар Ақпарова арнайы қатысты. 2023 жылы құрылысы басталған ғимаратқа биыл Премьер-министр қосымша қаржы бөлгізіп, құрылыстың жедел аяқталуына ықпал еткен.
Берік Уәли, облыс әкімі:
Президент тапсырмасына сәйкес, еліміздегі балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл нысан спорттық сауықтыру, көркем эстетикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық бірқатар бағыттар бойынша балалар мен жасөспірімдерге үлкен мүмкіндіктері бар даму бағытын беретін бірегей орталық болары сөзсіз.
Оқушылар сарайында кіші және үлкен бассейн, хореография, шығыс жекпе-жегі, фитнес, үстел теннисі залдары бар. Көркем-эстетикалық блокта вокал және аспаптық музыка, дыбыс жазу студиясы, мүсін және ART студиялары, хореография, актерлік шеберлік, сондай-ақ VR технологияларын қолданатын оқыту кабинеті жұмыс істейді. Ғылыми-техникалық, гуманитарлық бағытта да жасөспірімдерді жан-жақты дамытатын зерханалар мен жабдықталған кабинеттер бар.
Әсемгүл Ақпанбаева, ата-ана:
Өзім куә болып жатырмын. Алдағы уақытта жетістіктер көп болады деп ойлаймын. Барша балаға бұл зор мүмкіндік. Ерекше балаларға жасалған жағдай мен қолдау деп білемін.
Темірлан Абылайхан, тәлімгер:
Балаларға кіші деңгейінен бастап үлкенге дейін робототехниканың бастамасын үйреніп, өз дағдыларын таныту үшін барлық жағдай жасалған. Барлығы ұнап жатыр.
Биыл Абай облысының оқушылары халықаралық және зияткерлік байқауларда 19, ал республикалық деңгейде 167 жүлделі орынға ие болған. Оқушылар сарайы бұл жетістікті еселеп, жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыта түсуге зор мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы