ЕО мен Қазақстанның әріптестік туралы келісімге қол қойғанына 10 жыл
Еуропалық Одақ пен Қазақстанның кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанына 10 жыл. Маңызды келісім аясында қос тарап саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтып, серіктестікті жаңа сатыға көтерді. ЕуроОдақ Қазақстанмен ынтымақты одан әрі күшейтіп, біріккен жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
21 желтоқсан, 2015 жыл, Астана. ЕуроОдақ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қою сәтінен көрініс. Еліміз тарихи келісімді бекіткен Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұл ЕуроОдақпен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді. Маңызды құжат аясында қос тарап 29 сала бойынша ынтымақты бекемдеп келеді.
Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Ресей, шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары:
Кеңейтілген әріптестік келісімі аясында біз Қазақстанмен мәдениет, ғылым, білім, жалпы көптеген салада ынтымақты күшейттік. Тығыз әрі конструктивті диалогтың арқасында жақында визалық рәсімді жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздерді бастағанымызға қуаныштымын. Еуропалық кеңестің Президенті Антониу Коштаның елдеріңізге сапары Президент Тоқаевпен жоғары деңгейдегі кездесулері ынтымақтастығымыздың маңыздылығын көрсетеді.ЕуроОдақ Қазақстанмен аса маңызды шикізат материалдарын өндіру, өңдеу бойынша ынтымақты күшейтуге мүдделі. Себебі жасыл энергияны дамытуды көздеген Еуропа елдері сирек кездесетін металл кеніне зәру.
Электромобильдердің аккумуляторын жасауға қажетті литий, графит, болат, сымдар мен турбиналарға керек никель. ЕуроОдаққа қажетті 34 металдың 21-ін қазір біздің ел өндіріп, өңдеп отыр. Қазақстанда тағы қосымша 13 металды Еуропаға жеткізуге арналған ресурстық база да бар.
Шикізатқа қол жеткізу үшін ЕуроОдақ Қазақстанға инвестиция салып, тың технологиясымен бөлісуге дайын.
Роман Василенко, ҚР Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы тұрақты өкілі:
Қазақстанның ең ірі графит кен орындарының бірі «Сарытоған» ЕуроОдақтың стратегиялық жобалар тізіміне енгізілген. ЕуроОдақ осы жобаны дамытуға қаржы тартып қана қоймай, кен орнының өнімдерін сатып алып, сауданы ілгерілетпек. Сондай-ақ Қазақстан маңызды шикізат кен орындарын бірлесіп барлауға, игеруге, өндіруге және экспорттауға мүмкіндік беретін «Бірлесіп қаржылатындыратын серіктестік» бағдарламасының қатысушысы.ЕуроОдақ Транскаспий көлік дәлізін дамытып, Қазақстанмен көлік-логистика саласында ынтымақты күшейтуге ниетті. Қос тарап өкілдері әуе қатынасы туралы көлденең келісімге қол қою жұмыстарын аяқтауға жақын. Жаңа келісім бекісе, ЕуроОдақ елдері мен Қазақстан арасында әуе қатынасы кеңейіп, байланыс онан сайын беки түседі, дейді дипломаттар. Былтыр өзара сауда айналымы 50 млрд долларды құраған. Құрмет пен сенімге құрылған серіктестіктің арқасында қос тарап алдағы жылы алыс-берісті еселеуден үмітті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы