Басты Жаңалықтар Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты

Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты

Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзара сауда-саттықтағы әкімшілік кедергілерді толық жоятын уақыт келді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік бермейтін қолдан жасалған шектеулерді алып тастау керегін жеткізді. Сонымен бірге, шекарадағы жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін болдырмау жайына да тоқталды. Кедендік реттеу және мемлекеттік қадағалау шаралары ұйым ішіндегі кейбір шешімдерді өткізу құралы ретінде қолданылмауға тиіс, деді Президент. Сондай-ақ одақ құрылғалы бері кедергісіз сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған біршама құжат қабылданғанын да еске салды. Айта өтейік, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28-29 мамырда Астанада өтпек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Енді осы ортақ міндеттерді мүлтіксіз сақтап, өзара алыс-беріс пен барыс-келіске «тұсау болатын түйткілдерді» уақытылы шешіп отыру керек. Комиссия кедергілерді шұғыл анықтау үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларына мониторинг жүргізетін жасанды интеллект технологиясын қосу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Кедергісіз нарық пен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету басты міндет болуға тиіс. Азаматтар мен бизнес интеграцияның нақты пайдасын көруі керек. 

Бөлісу