Басты Жаңалықтар 209 млн теңге жұмсалған ауызсу жобасы аяқсыз қалды

209 млн теңге жұмсалған ауызсу жобасы аяқсыз қалды

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Былқылдақты елді-мекеніне 2023 жылы су тартылған еді. Алайда жоба сәтсіз шыққан. Әр үйге тартылған құбырдың суы ащы боп шыққан.  Сондықтан халық пайдаланудан бас тартқан. Енді тұрғындар жауаптылардан мәселені біржақты етіп берулерін сұрайды. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт ауданға арнайы барып, тараптарды тыңдап қайтты.

Нұрсұлтан Нұрсейіт тілші:

Мынау ауыл іргесіндегі ағып жатқан бұлақтан тұрғындар осыған дейін су ішіп келді. Немесе үй жанынан 7 метр тереңдікте құдық қазып пайдаланды. Осыдан үш жыл бұрын ауылға су тартылады деген ақжолтай хабарды мұндағылар қуанышпен қарсы алды. Бірақ жоба аяқсыз қалды.

Су келді деп қуанғандардың бірі – Былқылдақты ауылының тұрғыны Ербол Тұқырбаев. Ол бұл елді-мекенге 1991 жылы көшіп келген. Содан бері құдықтан су тартып, пайдаланып келеді. Тіршілік нәрінің енді рақатын көреміз бе деген қуанышы 2 күн өткен соң сап тыйылды.

Ербол Тұқырбаев, Былқылдақты ауылының тұрғыны:

Басында су берілді. Ащылау болды. Артынан мамандар келіп тұщытып кетті. Содан су келмей қалды. Бір-екі күн пайдаландық.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша ауылға алыстан су тартудың қажеті жоқ еді. Өйткені іргеде ағып жатқан балбұлақтың суы ішуге жарамды. Осы кезге дейін жұрт соны пайдаланып келген. Тіпті сарапшыларды шақыртып анықтағанда, бұлақтың тәулігіне 600 текше метр су беретін мүмкіндігі барын анықтаған.

Қайырбек Баймұратов, облыстық Мәслихат депутаты:

Бұл бұлақ Қызылқоға ауданы құрылмағаннан бері ағып жатыр. Ауыл тұрғындардың айтуынша жарамды су. Неге далаға бостан-босқа ағып жатқан суды дер кезінде зерттеп, жасамаған екен. Былай қарағанда 10 шақырымнан су тартады. Сонда 209 млн халықтың ақшасы желге ұшып кетті деген сөз ғой.

Мұрат Көптілеуов, Сағыз ауылының тұрғыны:

Даладан ащы су тартылған. Бұл көрші ауыл Соркөл, Сарықұмақ жерге де сондай істелді. Су жүрмей тұр.

Қазір тартылған құбыр да, су тұщытатын нысан да қараусыз жатыр. Аудан әкімдігі жуырда күтіп ұстайтын мекемемен келісімге отырмақ. Осылайша нысандарды жөнге келтіріп, ауылға су бермекші. Содан соң болашақта Балбұлақтан су тарту да жобада бар.

Асхат Арыстанов, Сағыз ауылдық округінің әкімі:

Бізге дейін жасалған жоба. Мақсат осы жобаны жалғастырып, Сағыз су арнасы мекемесіне теңгеріміне сенімгерлікке береміз. Жақын арада ауылға суды қосамыз.

Жалпы Былқылдақты ауылында 20 үй бар. Бірақ оның 8-і ғана түтінін түтетіп отыр. Газ тартылып тұр. Енді су мәселесі шешілсе көшіп кеткен тұрғындардың қайтып келетініне күмән жоқ, - дейді ауыл халқы.


Бөлісу