Кәріз суын тазартатын жоба жүзеге аспай қалды
Тараз еліміз бойынша кәріз суын тазартатын кешені жоқ жалғыз қала саналады. Салдарынан сарқынды су 217 гектар жерге жайылып жатыр. Ал қала әкімдігі тазарту жүйесінің құрылысын биыл бастауы тиіс еді. Алайда атқамінерлер уәдесін орындамай отыр. Тұрғындар нәжіс қалдықтары 5 ауылдың жер асты суына сіңу қауіпі барын айтады.
Бұл облыс орталығынан 15 шақырым жерде орналасқан кәріз суы төгілетін аумақ. Құс ұшар биіктен қарағанда мұз айдыны секілді мен мұндалайтын тұндырмалардың алғашқысы 63 жыл бұрын қазылған.
Екі жыл бұрын Үкіметтің бұрынғы басшысы келіп көргенде өңір билігі тазарту қондырғысы салынады деп сүйінші сұраған еді. Алайда жоба жүзеге аспады. Қалдық суды қайда жіберерін білмеген қала билігі қосымша хәуіз салып амалдауға мәжбүр.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Тараздың сарқынды сулары төгілетін тұндырма бассейндер осылай толып тұр. Ал су тазарту жүйесі жоқ болғандықтан, мұрын жаратын мүңкіген иісі жақын маңдағы тұрғындардың тынысын тарылтып отыр. Қазір сүзу алаңдарының аумағы артып, аузына дейін жеткендіктен апатты жағдайда.
Сарқынды судың құрамында қауіпті химиялық қалдықтар да бар. Ал аумақтың айналасына 5 ауыл қонсы қонған. Қостөбе тұрғыны Шоқан Жұмабаев бұл маңнан небәрі 2 шақырым жерде тұрады. Өткір иіс өңешті қарып, өкпені қысатынын айтып шаршаған. Арналардың беті ашық, аумағы қоршаусыз болғандықтан суат іздеген төрт-түлік те сарқындыға лап қояды.
Шоқан Жұмабаев, Қостөбе ауылының тұрғыны:
Суы деген сасып, жаздың күні иісі келеді. Мал да ішіп жатыр.
Мұндағы 120 тұдырманың 95-і қолданысқа жарамсыз. 2 жыл бұрын 20 гектар жер бөлініп, қосымша сүзу алаңдары қазылды. Мұнда күніне 80 мың текше метр кәріз суы ағып келеді. Бүгінде жалпы көлемі 2 млн текше метрге жеткен. Ал ел алдында есеп берген қала әкімі кәріз тазарту жүйесінің құрылысы тағы бір жылға шегерілгенін айтты.
Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:
Егер біз «Еуропалық банкпен» келісімшарт жасайтын болсақ, қаржыны доллармен алатын едік. Сондықтан болашақта еселеп өсіп кету қаупі болды. Соны ескере отырып, ұлттық жоба ретінде «Бәйтерек» арқылы теңгемен қаржыландыру арқылы қажет деп шешім қабылдадық. Сондықтан бұл жұмыстар 2025 жылы тоқтатылды.
Сөйтіп сметасы сызылған жобаға 340 мың еуро бөлінбей қалды. Енді аяқсыз қалған ауқымды құрылыс келер жылы қайта қолға алынбақ. Үш жылда толық аяқталады. Жоба жүзеге асқан жағдайда тәулігіне 100 мың текше метр су механикалық және биологиялық тазартудан өтеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы