Басты Жаңалықтар Шағын және орта бизнестің қала бюджетіндегі үлесі 60 пайыздан асты

Шағын және орта бизнестің қала бюджетіндегі үлесі 60 пайыздан асты

Шымкентте шағын және орта бизнестің қала бюджетіндегі үлесі 60 пайыздан асты. Осыған байланысты қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өңір кәсіпкерлерімен кездесу өткізіп, саланы қолдау мен инвестициялық өсім мәселелерін талқылады. Ашық диалогта бизнесті дамытуға кедергі келтіретін мәселелер қаралып, шешу жолдары айтылды.

Ашық диалог форматында өткен жиын кәсіпкерлер мен әкімдік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды. Дәстүрлі кездесуде бизнес өкілдері өзекті мәселелер мен саланы дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Қала әкімі экономикалық даму мен инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:

Тарихи сәт деп айтуға болады. Бұрын мұнай өңдеу зауытының акциздарынан түсіп тұрған, ал ол екінші орынға шықты. Біздің республикалық бюджеттен дербестігіміз 56 пайызға жетті.

Осы қарқын сақталса, келесі жылы республикалық бюджеттен дербестікті 70 пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ биыл шағын және орта бизнестің қала бюджетінің кірісіндегі үлесі 60 пайызға жетті. Кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерінің айтуынша, қолайлы жағдай жасау жалғасса, бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік бар.

Талғат Ысқақов, «Bal Tekstil» кілем фабрикасының құрылтайшысы:

Болашақта 100 пайызға біздің қаламыздың кәсіпкерлері қаланың бюджетін қамтамасыз етуге мүмкіншілігі бар. Ал оған қолайлы жағдай қалыптастыру - бұл мемлекет тарапынан және әкімшілік тарапынан жасалынатын жағдайларға байланысты.

Қайрат Молдасейітов, «Otau Group» құрылыс компаниясының құрылтайшысы:

Ашық диалог ретінде өтіп жатыр. Кез келген сұрақтарын беріп, жиналып қалған мәселелер айтылып жатыр. Оған шешім қабылдап, дер кезінде әр саладан келген азаматтар өздерінің жауабын беріп жатыр.

Айта кетейік, биыл шағын және орта бизнесті қолдауға 20 млрд теңге бөлініп, 1 971 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 25 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Жиын соңында кәсіпкерлер өз әлеуетін толық пайдалануға дайын екенін жеткізсе, әкімдік тарапынан қолдау мен ынтымақтастық жалғасатыны нақтыланды.

Бөлісу