Көксай шағын ауданы заманауи келбетке ие болмақ
Шымкент қаласындағы Көксай шағын ауданында жаңғырту жұмыстары басталды. Ұзақ жылдар бойы шағын ауданның дамуы кенжелеп қалған еді. Жаңа тұжырымдама аясында биыл апатты деп танылған 11 үйдің алтауы бұзылып, тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Қаланың бас жоспарына сай аумақта атқарылатын жұмыстар жайлы әріптесім Ернұр Уәлихан тарқатады.
Көксай шағын ауданы жаңа келбетке ие болмақ. Ұзақ жылдар бойы ескі үйлерде тұрған халық қауіпсіз әрі жайлы баспаналарға қоныстанып жатыр. Қазірдің өзінде 103 отбасы жаңа пәтерлерге көшті. Апатты үйлер кезең-кезеңімен сүріліп, олардың орнына заманауи көпқабатты тұрғын үйлер бой көтереді.
Марлан Жолдахмет, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары:
Қазіргі уақытта СПК тарапынан конкурс ұйымдастырылып, босаған жерлерге көпқабатты үй салу бойынша байқау жарияланған. Оның мердігері анықталды.
Көксайда 20 мыңға жуық адам тұрады. Келешекте аудан орталығына айналса, халық саны артып, қосымша инфрақұрылым қажет болады. Сол себепті жаңа аурухана, балабақшалар мен мектеп үшін жер телімдері алдын ала белгіленген.
Ерхан Нұрсейітов, №31 жалпы орта мектебінің директоры:
Мектептің іргетасы 1937 жылы қаланған. 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен. 33 сынып екі ауысымда оқып жатыр.
Шағын ауданға қазір магистралды су құбыры тартылып жатыр. Құрылыс 60 пайызға аяқталды. Енді кәріз желісін тарту қалды. Осы жұмыстар аяқталған соң Көксайда салынатын әлеуметтік нысандар толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Сәбит Үсенов, қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:
Қазіргі уақытта Көксай шағын ауданына кәріз құбырын тарту жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бюджетке өтініш беріліп, құрылыс жұмыстарын бастауға ұсынылады. Қазіргі уақытта қарқынды жұмыс жасалуда.
Көксай шағын ауданын көркейтуге қатысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Құжат бойынша алдағы 5 жылда аудан толық инфрақұрылыммен қамтылып, заманауи әрі жайлы ортаға айналады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы