Басты Жаңалықтар Бет-жүзін жасырғандар жауапқа тартылады

Бет-жүзін жасырғандар жауапқа тартылады

Сенат ЛГБТ насихатына тыйым және бет-жүзін жасырғандарды жауапқа тарту туралы заңды мақұлдады. Заңсыз активтерге қатысты норманы да екі оқылымда қарады. Қоғам өміріне, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі өзгеріс әкелетін заң жобалары жөнінде Жанел Нұрболатқызы рет-ретімен тарқатады.

Бүгін Сенат депутаттары ерекше белсенді болды. 4 сағатқа созылған отырыста екі оқылым қатарынан 7 заң жобасы қаралды. Енді бет-жүзін жасырғандар жауапқа тартылады. Әуелі ескерту жасалады. Ол еленбесе, 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 40 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қоғамдық жерде біреңе бұзып, қиратып жатқан адамдар әрине бетін жасыруға тырысады. Ол ешқандай дінге қатысы жоқ. Норманың енгізіліп отырғаны тек қауіпсіздік мәселелері бойынша.

Самокаттарды жалға беретіндерге жауапкершілік күшейеді

Электр самокаттарды жалға беретіндерге де жауапкершілік күшейеді. Жыл басынан бері 372 апат болып, 3 адам қаза тапты. Сондықтан енді жүргізуші куәлігінен айырылған адам электр самокатты да жүргізе алмайды. Бүгін депутаттар заңды бірауыздан мақұлдады.

ЛГБТ насихатына тыйым салынады

Аталған нормалар «Құқық бұзушылық профилактикасы» туралы заңының аясында қабылданды. Ал «Заңға қайшы контенттің таралуын шектеу» туралы құжат ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейді. Яғни6 әлеуметтік желіде осындай мазмұнда ақпарат жариялағандарға айыппұл салынбақ. Бірақ оның нақты сомасы, қандай жаза тағайындалатыны әлі Мәжілісте Әкімшілік кодекс аясында қаралады.

Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бұл жөнінде уәкілетті орган Мәдениет және ақпарат министрлігі. Қазір Мәжілісте тағы бір норма қарастырылып жатыр. Ол жерде әкімшілік жауапкершілік қарастырылып отыр. Ол Сенатқа келгеннен кейін айыппұлдың нақты көлемін айтуға болады.

Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жеңілдейді

Бұдан бөлек ел ішіндегі заңсыз активтерді қайтаруға қатысты норма қаралды. Бұрын жемқорлық жолымен ұрланған мүлікті қайтару оңайға соқпайтын. Мемлекет мәселені қылмыстық іс арқылы ғана реттей алатын. Енді бәрі бір заңның аясында қаралып, бұл процес әлдеқайда тез аяқталады.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

2023 жылы қабылданған заңсыз мемлекеттік активтерді қайтару туралы арнайы заң барын білесіздер. Бірақ ол заң сол кезге бейімделген болатын. Сондықтан Жолдауда Мемлекет басшысы осыны реттеу туралы тапсырма берді. Осы заң аясындағы қайтарылған активтер бойынша ақпарат сайттарға енді ашық түрде жарияланады.

Барлау ісінде инвесторлар көбейеді

Депутаттар қараған тағы бір заң жобасы барлау ісіне қатысты. Енді Қазақстаннан пайдалы қазба тапқан инвестор оны әрі қарай барлап, игере алуы мүмкін. Осылайша елге шамамен 1 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылмақ. Айта кетейін, бүгін Сенатта мақұлданған заңдардың барлығы 2026 жылы күшіне енеді.


Бөлісу