Басты Жаңалықтар АЭС – энергетикалық қауіпсіздік кепілі

АЭС – энергетикалық қауіпсіздік кепілі

«2050 жылға қарай әлемде тоқты тұтыну 45 пайызға өседі. Сол үшін жаһан елдері энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға қазірден күш салуы тиіс». Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері осылай дейді. Агенттік басшылығы жаңартылған энергия көздерін, әсіресе атом энергиясын дамытуға кеңес береді.

ХХІ ғасырда жаһанның 730 млн адамы жарықсыз отыр. Өркениет дәуірінде майшамға телмірген жұрттың жайы атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік басшылығын алаңдатып отыр. Агенттіктің атқарушы директоры Фатих Биролдың айтуынша, экономиканың өсуі, климаттың өзгеруі энергетикалық жүйеге салмақ түсіріп, былтыр бір жылда әлемде 200 млн үй электроэнергиясыз қалған.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Энергетикалық қауіпсіздікті арттыру үшін агенттік басшылығы күн сәулесінен, судан, желден электр қуатын өндіруді күшейтіп, атом энергетикасын дамыту қажет дейді. Бұл - электроэнергия бағасының өсуін тежеп, халықтың сатып алу қабілетін арттырады. Ең бастысы - энергетикалық тәуелсіздікке кепілдік.

Жан-Марк Янковичи, инженер, климат және энергетика мәселелерін зерттеуші ғалым:

Қазіргі ядролық энергетика, төртінші буын реакторлары жеңіл басқарылады. Қауіпсіздікке алаңдаудың қажеті жоқ. Атом электр станциясы қазбалы отынға қарағанда қоршаған ортаға көмірқышқыл газын шығармайды. Ол – парниктік газдарды азайтуға және климаттың өзгеруімен күреске бағытталған өте тиімді шешім.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы рөлін жоғары бағалайды. Және АЭС салу жобасын жүзеге асыру бойынша біздің елге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Рафаэль Гросси, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры:

Ұлттық референдумнан кейін елдеріңіз ядролық энергетиканы дамытуға қатысты маңызды шешімдер қабылдады. Біздің агенттік сол жобаларыңызға барынша қолдау, техникалық көмек көрсетіп, бағалаулар жүргізіп, қазақстандық мамандардың әлеуетін арттыруға күш салады. Мен Қазақстанның таза энергия көзі саналатын атом энергиясын пайдаланатын елдердің қатарына қосылатынына қуаныштымын.

Атом электр станциясын салу елдің экономикалық әлеуетін арттырып, энергия тапшылығы проблемасын шешеді. Қазақстан АЭС салу арқылы өзінің ғана емес, Орталық Азия елдерінің де энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, дейді еуропалық сарапшылар.

Марат Тертеров, Брюссель энергетикалық клубының сарапшысы:

Ядролық энергетиканың артықшылығы көп. Атом электр станциясы өндірген электроэнергия таза отын әрі өте тиімді екенін халықаралық тәжірибеден байқап отырмыз. Ол - электроэнергия өндірудің сенімді көзі. 2030 жылға қарай Қазақстанда электроэнергия тапшылығы болады дейді. Демек, АЭС салу елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.  

Атом энергетикасын дамыту елдің көмірсутектен арылуына, декарбонизация процесін жеделдетуге септігін тигізеді, дейді еуропалық сарапшылар. ЕуроОдақта энергияның төрттен бір бөлігі атом электр станциясында өндіріледі. Қазір Одаққа мүше 27 елдің 13-інде 103 реактор жұмыс істеп тұр. Франция – атом энергетикасы бойынша Еуропаның ғана емес, әлемнің көшбасшысы. Бесінші республика электр қуатының 75 пайызын атом электр станциясынан алып, өз қажеттілігін толық өтеп отыр. Артылған қуатты көрші елдерге сатып, жылына 3 млрд еуро пайда көреді.


Бөлісу