Президент: Энергетика саласын түбегейлі жаңғырту қажет
2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Бүгін Ақордадағы салтанатты бас қосуда Президент осылай еді. Мемлекет басшысы Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндетін жүктеді. Салтанатты жиын қарсаңында энергетика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, елеулі еңбек сіңірген 30-ға жуық азаматты жоғары наградамен марапаттады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Жарық, жылу, газ. Ел тіршілігінің ажырамас бөлігі. Энергетикасыз экономиканы алға жылжыту мүмкін емес. Бүгін осы саланың үздіктері Ақордада бас қосты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Экономиканы ілгерілету, инфрақұрылымды дамыту, заманауи өндіріс орындарын ашу, цифрландыру. Ел алдында тұрған осындай ауқымды мақсаттарды энергетикасыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан саланы түбегейлі жаңғырту қажет. Президент ең әуелі бұған дейін жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. Мәселен, өткен жылы технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарған. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының нәтижесінде үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Президент бұл жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеу керек деді.
2030 жылға дейін 200 нысанға реконструкция жасалады
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы орайда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктелді.
Биыл батыс аймақтардың электр желісін күшейтетін бірегей жобаның құрылысы аяқталады. Одан өзге Екібастұздағы екінші ГРЭС-те де жаңа энергоблоктар салынады. Үшінші ГРЭС-тің де құрылысы жоспарланған. Соның нәтижесінде елдегі энергия тапшылығы проблемасы түбегейлі жойылуы тиіс.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
Жоспарларды дайындадық. Жаңа қуаттылығы 26 гигаваттан астам энергокөздерді іске асырамыз.
Президент Үкімет пен әкімдікке келер жылы Алматыдағы электр станцияларына айрықша мән беріп, ауаның ластану деңгейін төмендетуді тапсырды. Елдегі табиғи ресурстар мен өндірістің әлеуетін ескерсек, Қазақстан электр қуатына мұқтаж болмауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек.
Жаңартылатын энергия көздерін жаңғырту жұмыстары да қарқынды. Соңғы 5 жылда осы салаға 2,5 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Қазір оның энергетика секторындағы үлесі 7 пайызға жетті. Президент бұдан бөлек атом электр станциясының маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Балқаш атом электр станциясының құрылысы, одан кейінгі салынатын екінші АЭС Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ ядролық энергетика сияқты маңызды салада жаңа бағыттардың дамуына септігін тигізетін болады. Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді.
Мемлекет басшысы энергетика саласының қызметкерлерін марапаттады
Желтоқсанның үшінші жексенбісі – энергетика саласы қызметкерлерінің күні. Қауырт та, қауіпті мамандық иелері қызмет барысындағы қиындықтарды жасырмады.
Қайырғали Сейсенәлиев, БҚО Электр желілік компаниясының жүргізушісі:
Батыс Қазақстанда ауа райы да жақсы емес, боран болып, жарық жиі өшіп жатады. Халыққа жарық береміз деп, қимылдап жұмыс істеп жатыр. Бәріміздің еңбегіміз солай дамып жатыр, 35 жылдан бері.
Президент сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, энергетика саласының дамуына қосқан үлесі үшін 30-ға жуық азаматты жоғары наградалармен марапаттады.
Ермағанбет Атақұлов, «Kegoc» Акционерлік қоғамының басқарушы директоры, «Парасат» орденінің иегері:
Бұл марапат менің ғана емес, әріптестерімнің, яғни күні-түні халыққа жылу беріп, жарық беріп жүрген энергетиктердің еңбегі деп білемін.
Мемлекет энергетика мамандарының жаңа буынын даярлап, осы саланың әлеуетін арттыра береді. Бірақ азаматтарымыз да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек, деді Президент. Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Соның бәрін үнемдеп, ақылмен пайдаланған абзал. Жалпы, бұл – тұтас экономикаға ортақ талап. Бір жағынан сала мамандарына көрсеткен құрметіміз болса керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы