Абай облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды
Абай облысы Бородулиха ауданында бір күнде үш жаңа нысан қолданысқа беріліп, тұрғындар қуанышқа кенелді. Мәселен, Камышенка ауылында 45 жылдан бері ешқандай жаңа нысан салынбаған. Сондықтан «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа клуб бой көтерді. Ал Петропавловкада спорттық сауықтыру кешені тұрғындар игілігіне тапсырылды.
Клуб жарты ғасырға жуық уақытта Камышенкада алғаш салынған нысан. Мыңға тарта тұрғыны бар тірек ауылда әлеуметтік ғимарат енді түгенделді. Мәдениет ошағында көпшілік шараларды ұйымдастыруға жақсы болды, дейді ауылдықтар. Мұнда оншақты адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелері жұмыс істейді.
Сарқытгүл Зәкәриянова, Камышенка ауылының тұрғыны:
Бұл жерде клуб болмаған. Наурызды, Жаңа жылды далада өткіземіз. Мектеп ұжымына көп рахмет. Бәрін сонда өткізетінбіз.
Ал Петропавловка ауылында спорттық сауықтыру орталығы ашылды. 864 шаршы метрді құрайтын ғимарат бір мезетте 300 адамды қабылдай алады. Орталықта музыкалық, көркемдік, мәдени үйірмелер жұмысын бастамақ. Тұрғындар волейбол, баскетбол, футбол, фитнес секцияларына қатысып, бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік алды.
Атбану Қабатова, Петропавловка ауылының тұрғыны:
Жаңадан орталық ашылып жатыр. Соған өте қуаныштымыз. Іші кең, бәрі жақсы. Адамдар келіп, бос уақытында шахмат, теннис ойнап, спортпен шұғылданады.
Сондай-ақ облыс әкімі Новопокровка елді мекенінде салынған 100 орындық ауылдық клубты аралап көрді. Жалпы, биыл өңірде мәдени инфрақұрылымдарды дамыту мақсатында республикалық бюджет есебінен жаңа нысандарды салуға қомақты қаржы бөлінген. Дені қолданысқа берілсе, Үржар, Ақсуат пен Бесқарағай аудандарында бірқатарының құрылысы аяқталуға жақын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы