Басты Жаңалықтар Президент: Энергетика саласын түбегейлі жаңғырту керек

Президент: Энергетика саласын түбегейлі жаңғырту керек

Энергетика саласын түбегейлі жаңғырту керек. Бүгін сала өкілдері бас қосқан мерекелік жиында Мемлекет басшысы осылай деді. Себебі ел алдында заманауи өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту, жаппай цифрландыру секілді маңызды міндеттер тұр. Мұның бәрін энергетикасыз жүзеге асыру мүмкін емес. Осы орайда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Мемлекет басшысы жиында саланың бүгінгі даму қарқыны мен алдағы жоспарларға тоқталды. Әрі энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, жоғары наградалармен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Ержан Нұрмағанбетов, «Талдықорған» АҚ электр желілерін тасымалдау компаниясының аға диспетчері, «Құрмет» орденінің иегері:

Мастер болып істедім, қазір, міне, аймақтық аға диспетчермін. Осы салада істеп жүргеніме 38 жылдан асты. Бүгін, міне, Мемлекет басшысы осындай «Құрмет» орденімен марапаттап отыр. Еңбегімізді бағалап жатқанына рахмет айтамын.


Бөлісу