Басты Жаңалықтар Батыс Қазақстан облысында 1,5 мың абонент жарықсыз отыр

Батыс Қазақстан облысында 1,5 мың абонент жарықсыз отыр

Батыс Қазақстан облысында өткен демалыс күндері боранда адасып кеткен үш адамның денесі табылды. Күшті желдің кесірінен 16 мың абонент жарықсыз қалды. Ал Атырауда ғимарат шатырының сынықтары көліктерді зақымдап, оқушылар онлайн оқуға көшірілді.

Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында күшті желдің салдарынан су мұнарасы құлады. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бұл жағдай ауызсу беруге кедергі келтірмеген. Себебі негізгі мұнара толық жұмыс істеп тұрған. Ауызсу беру электр сымдарының үзілуінен тоқтаған. Жалпы демалыс күні Орал қаласы мен өңірдің 5 ауданындағы 63 ауылда электр қуаты апатты жағдайда үзілді. Таңнан кешке дейін 16 мың тұтынушы жарықсыз қалды.

Бейімбет Мусин, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Қалпына келтіру жұмыстары төрт ауданның 19 елді мекенінде жалғасып жатыр. Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов аудандарында. Қазіргі таңда электрмен жабдықтаусыз 5 мыңға жуық абонент қалып отыр.

Қатты дауыл соғып, ғимараттардың шатыры ұшты

Ал Атырауда қатты дауылдың салдарынан төбеден құлаған шатырдың ағашы көліктің терезесін жарып өткен. Абырой болғанда ішінде адам болмаған. Өзге де ғимараттардың шатыры ұшып, бірнеше көлікті зақымдады. Төтенше жағдай Құрманғазы, Махамбет, Мақат аудандарында және Атырау қаласында тіркелді. Индер ауданы мен қаладағы 4 ауылдық округ тұтастай жарықсыз қалды. Қазір жағдай тұрақталды. Оқушылар бүгін онлайн форматта оқыды.

Жантөре Демешов, облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

ТЖД жедел штаб ұйымдастырылған. Соған байланысты жалпы саны шамамен 50 қызметкер, 8 бірлік техникалар жұмылдырылды. Қаза тапқан немесе жарақат алған адамдар туралы ақпарат болған жоқ.

Үш адам боранда үсіп өлді

Батыстың Тасқала ауданы орталығында да жатақхана шатыры желге ұшып, бір отбасы аудандық «Шұғыла» лагеріне көшірілді. Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында әкімдік пен екі қабатты тұрғын үйдің шатыры зақымданды. Өткен демалыс күндері көктайғақ пен бұрқасын салдарынан 9 республикалық және 6 облыстық маңызы бар жол жабылып, көлік қозғалысына шектеулер енгізілді. Өкінішке қарай, Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов аудандарында мал іздеп шығып, жоғалып кеткен үш адамның денесі табылды. Құтқарушылар мен полицейлер оған дейін боранда адасып кеткен 8 адамды тауып, аман-есен үйіне жеткізген еді.

Нұрбол Меңдыханов, облыстық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

Жәнібекте мал іздеп, трактормен шығып кеткен екі азаматты таптық. Жеңіл автокөлік кюветке түсіп кеткен. Көру қашықтығы 50 метрден төмен болатын. Бір үйдің адамдарын алып шыққан болатынбыз. Казталов-Жалпақтал-Чапай тасжолында, яғни республикалық маңызы бар жолда қозғалыс шектеліп, патрульдік қызметімен 100-ден астам автокөлікті сүйемелдеген.

51 мектеп қашықтан оқуға көшірілді

Қолайсыз ауа райына байланысты бүгін өңірдегі 51 мектеп оқушылары қашықтан оқыды. «Қазгидромет» алдағы тәуліктерде облыс аумағында қатты жел мен боран болып, ауа райы күрт өзгеруі мүмкін деген болжам айтады.

Бөлісу