Брюссельде қазақ киносының күндері өтті
Бельгиядағы Қазақстанның мәдениеті апталығы аясында Брюссельде қазақ киносының күндері өтті. Мәдени шараны еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі мен Қазақ киносының Франциядағы қауымдастығы «Қазақфильм» киностудиясымен бірігіп ұйымдастырды. Бельгиялықтардың назарына режиссер Санат Шапашовтың «Бақыт құшағында» мюзиклы мен Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» тарихи фильмі ұсынылды.
Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмі «Аңырақай» шайқасында жоңғардың туын жыққан өрімдей жас батыр Сартайдың ерлігінен сыр шертеді. Туындыда XVIII ғасырда қазақ даласында билік құрған хандар мен билердің, батырлардың бейнесі де шебер сомдалған. Кинодастанды көрген шетелдіктер елі үшін қасық қаны қалғанша айқасқа түскен ерлердің өрлігіне, қазақ халқының қайсарлығына куә болды.
Фодель Таули, Брюссель қаласының тұрғыны:
Қазақтың мәдениеті мен тарихы жайлы фильмді бірінші рет көріп тұрмын. Оқиғаның дәл ортасында болғандай ерекше әсер алдым. Актерлардың костюмдері, Қазақстанның тарихы, мәдениеті тәнті етті. Біз мұндай киноны күнде көре бермейміз. Сондықтан осындай көрсетілім ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысым шексіз.
Андрэ Иванов, қазақ киносының Франциядағы қауымдастығының президенті:
«Жаужүрек мың бала» фильмі Қазақстандағы ең танымал фильм. Түрлі халықаралық байқауларда оң баға алған туындыны бельгиялықтар да көрсін дедік. Ал «Бақыт құшағында» фильмі арқылы көпшілік Астананың көрікті жерлерін көріп қана қоймай, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың музыкасымен танысады.
Санат Шапашовтың «Бақыт құшағында» мюзиклі толықтай Шәмші Қалдаяқовтың әуендерімен өрілген. Композитор туындыларының ұрпақтар сабақтастығындағы рөлі, махаббатқа, досқа адалдық, жауапкершілік, анаға құрмет, отбасылық институт тақырыптары фильмде терең ашылған. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін туындыны шетелдіктер мен Бельгиядағы қазақстандықтар тапжылмай тамашалап, Шәмші әндерінің рухын сезінді.
Рада Махамбетова, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі:
Үлкен рухани азық алдық. Режиссерларға, актерларға алғыс айтамын, осындай туындыны дүние әкелгеніне ризамын. Бұл - қазақ киносының жоғары деңгейде дамып келе жатқанынының көрінісі. Елімізді осындай халықаралық аренада танытып жатқанына бір ғанибет алдық.
Елдің бай тарихы мен ұлттың ұлы тұлғалары туралы туындыларды Бельгия жұрты жоғары бағалады. Қос фильмде басты рөлді сомдаған актриса Әлия Әнуарбек көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, сұрақтарына жауап берді. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі қазақтың бай мәдени мұрасын еуропалықтарға таныстыру жұмыстарын келесі жылы да жалғастырмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы