Түркістан облысында мүгедек азаматтар жұмыс істеуге көшкен
Түркістан облысының Жетісай ауданында кәсіпкер арбаға таңылған және есту қабілеті нашар жандарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Суретші дизайнер Бақытгүл Нажимованың қол астында қазір 10 адам еңбек етеді. Олар ұлттық киімдер тігіп, моншақ тоқиды. Арасында қолөнермен айналысады. Жігерлі жандардың жұмысымен тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы танысып қайтты.
Жол апатына түсіп, екі аяғы жүруден қалған Нұржан Сейтеков осы шеберхананың белді мүшесі. Арбаға таңылып, үйде қарап отырмады. Осында келіп, жұмысқа тұрды. Алғашында ұсақ моншақтардан тоқыма тоқу оңай болмағынын айтады. Әйтсе де машықтанып алды. Қазір дизайнердің сызып берген үлгісіне қарап, түрлі пішіндегі өрнектерді тоқиды.
Нұржан Сейтеков, Жетісай тұрғыны:
Мысалы, өзіміз айлық аламыз. Ал мына бір сетканы тоқып бітірсек, бізге қосымша тағы 15-20 мың теңге береді. Бізге жақсы нәрсе. Біз сияқты отырған адамдарға жақсы. Әрі қолымызға күш-қуат береді әрі ойымызды өсіреді. Тоқыған өзімізге ыңғайлы, жақсы жұмыс болды. Келіп жұмысымызды істеп жүрген жаймыз бар.
Дизайнер Бақытгүл Нажимова бұл кәсіпті алғаш 2019 жылы «Бастау бизнес» жобасымен 3 млн теңге грант ұтып алғаннан кейін бастаған. Бірнеше тігін машинасын сатып алып, ерекше жандардың үйіне апарып берген. Барлығын өзі үйретіп, машықтандырған. Ендігі арманы - ұлттық брендтегі киімдер тігу дейді.
Бақытгүл Нажимова, кәсіпкер:
Ерекше кісілердің 80-90 пайызы шығармашылыққа өте бейім болады. Бір-екі жұмысымызды ательеге көрсеттім. Біз осындай қолөнермен айналысамыз, авторлық жұмыс істейміз. Сіздер тігесіздер, кіимдеріңізге біз осындай дизайн жасап береміз, солай жарнама жасадым. Содан жұмысымыз жүріп кетті.
Бүгінде аймақта еңбекке қабілетті мүгедектігі бар 64 мыңнан астам адам бар. Жыл басынан бері оның 4 мыңнан астамы жұмыспен қамтылған. Базбірі субсидияланатын жұмыс орындарында еңбек етсе, 764 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік оқуға жолданған. Сонымен қатар қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқандар да бар.
Әсел Бекенова, Түркістан облыстық Жұмыспен қамту басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:
Субсидияланатын жұмыс орындарына, яғни жастар практикасына, Әлеуметтік жұмыс орындарына, «Алғашқы жұмыс орны» бағыттарына жұмысқа жолданды. Грант алғандардың ішінде басым бөлігі 99 адам тамақтандыру саласы бойынша өз жеке кәсібін ашып, жұмыстарымен айналысуда.
Бұдан бөлек 202 мекемеге мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту үшін 302 квота бөлінген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы