Басты Жаңалықтар Батыс Қазақстан облысында жел мен боран салдарынан су мұнарасы құлады

Батыс Қазақстан облысында жел мен боран салдарынан су мұнарасы құлады

Батыс Қазақстан облысында күшті жел мен боран салдарынан су мұнарасы құлады. Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылындағы қосымша мұнара істен шықты. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бұл жағдай ауыз су беруге кедергі келтірмеген. Себебі негізгі мұнара толық жұмыс істеп тұр. Ауыз су электр сымдарының үзілуінен тоқтатылған. Жалпы демалыс күні Орал қаласы мен өңірдің 5 ауданындағы 63 ауылда электр қуаты апатты жағдайда ажыратылды. Күні бойы 16 мың тұтынушы жарықсыз қалды. Электр желісіндегі апатты қалпына келтіру әлі де жалғасып жатыр. Ал Тасқала ауданы орталығында жатақхана шатыры желге ұшып, бір отбасы аудандық «Шұғыла» лагеріне көшірілді. Боран салдарынан оқушылар қауіпсіздігі үшін 5 аудандағы 51 мектеп қашықтан оқитын болды. Ал Орал қаласы мен қалған 7 аудандағы мектеп штаттық режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ, құтқарушылар Бәйтерек ауданы Переметное ауылының маңында 4 адамды эвакуациялап, жеңіл көліктерді қар құрсауынан шығарды. Зардап шеккендер жоқ.

Бөлісу